Қазіргі технологиялар қарыштап дамыған заманда біздің халқымыз үшін өзекті жайттар көп. Солардың бірегейі – ұлттымыздың салт-дәстүрі мен ата-бабадан жалғасқан рухани құндылықтарымыздың уақыт өте келе ұсақталу және жоғалу қаупі. Тарих парақтарына үңіле қалсаңыз, көне жауынгер тайпалар кезінде Азия мен Еуразия кеңістігін зымыраған садақ жебелерінің күшімен жаулағаны көзі қарақты қауымға мәлім. Соғыс қаруына айналған садақ пен жебе – олардың жеңіске деген сенімді кілтінің бірі еді. Ал қазіргі жаһандану заманында сол бабалар мұрасы – садақ ату дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керек.
Садақ ату – мергендік спортының бір түрі. Әлем жаңалықтарына құлақ түрсек, бірқатар елдерде дәстүрлі және олимпиадалық жаяу және ат үстінде садақтан оқ ату жарыстары жақсы жолға қойылып, бүгінде өз даңқын асырып келеді. Мәселен, АҚШ-та,
Оңтүстік Америкада, Түркияда, Еуропада, Қытайда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Моңғолия мемлекеттерінде дәстүрлі садақ атудан көптеген жүйелі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылады. Садақ ату өнерін озық меңгерген байырғы көшпелілердің елі болған қазақ жерінде бүгінгі таңда садақ атуды үйрететін мектептер мен секциялардың жұмыс істемеуі, дәстүрлі жолға қойылмауы – ыңғайсыз жағдай. Бұл – өзімізге үлкен сын.
Бұл дәстүр түрі бізге тарих қойнауынан жеткен. Қазірде садақтан жамбы ату дәстүрі, дрот лақтыру, арбалеттен ату, каноэ-қайыққа отырып садақ ату (арбалет ату), сондай-ақ дротжыд (қысқа семсер) лақтыру, қозғалыстағы епті аң-құсқа аңшылық сипатындағы әдістер орын алған. Бұның бәрі біздің ата-бабаларымызға таңсық болмағаны тарих парақшаларында сайрап тұр.
Сонда біз сайын даламызды мекендеген сайыпқыран ата-бабаларымыз ат үстінде өткір де ысқырма жебелерімен нысынаға дөп тигізген мерген болғанын ұмытқанымыз ба?! Осы жағдай ойландыруы керек. Бірақ шүкірлік дейтін тұсы бар. Маңғыстау аймағында бұл ұлттық құндылықтың әдісін меңгерген 24 жастағы Жалғас Сәдуов деген азамат аталған әдісті толық меңгеріп, өз шеңберінде өркендетіп келеді. Бүгінде ол өзі басшылық ететін «Archer Aktau» дәстүрлі садақ ату федерациясында бірден-бір жаттықтырушы есебінде көптеген жұмыстарды атқарып, республика көлемінде чемпиондар дайындау үстінде.
– Біздің «Archer Aktau» дәстүрлі садақ ату федерациясы жұмысын бастағанына көп уақыт болмаса да, өзімізше жұмыстанып жатырмыз. Өлкеміздің ұл-қыздарын, яки жалынды жастарын ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап, өз ортасында насихаттауға, отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімге баулуға шақырамыз. Бүгінгі таңда федерациямызда әр жастағы 6 қатысушымызды Қазақстан чемпионатына дайындау үстіндеміз. Алла жазса, бағымызды сынап, өзімізді жаңаша қырымыздан көрсеткіміз келеді, – дейді «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры Ж.Сәдуов.
Шынтуайтына келгенде, өз жұмысын өткен жылдың 5 желтоқсанында бастаған федерация облыстық және қалалық әкімдіктер тарапынан қолдау көрсетілсе екен дейді.
Федерацияның жай-күйі мен болашағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама сындағы ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа насихаттау, ұлықтау мақсатымен ұштасып жатқаны айтпасақ та белгілі. Осы орайда әкімдіктер тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, федерация жұмысының алға басары сөзсіз.
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ