Қазақстан Республикасы Самбо федерациясының вице президенті болып Айдос Ақжанов Амангелдіұлы тағайындалған еді. Сонымен қатар ол Маңғыстау облыстық Самбо федерациясының президенті қызметін атқарып жүр. Осы орайда білікті маман Айдос Амангелдіұлынан елдегі самбо күресінің дамуы мен өңірдегі жетістіктер жайлы сұхбат құрғанды жөн көрдік.
– Айдос Амангелдіұлы, өзіңіз білесіз самбо күресі 120 ел ішінде қарқынды дамыған спорттың бірі. Осы ретте айтыңызшы, өңірде самбо күресінің даму көрсеткіші қай деңгейде, қандай баға бересіз?
– Соңғы бес жыл ішінде Маңғыстау облысынан 100-ге жуық Самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы шықты. Әлем чемпионатынан 3 чемпион, 3 күміс және 5 қола жүлдегері, Азия чемпионатынан 5 чемпион, 4 күміс, 4 қола жүлдегерлері арамызда жүр. Халықаралық деңгейде боз кілемде төрелік ететін Берік Жұмағалиев, Айбек Жанболатұлы есімді білікті мамандарымыз бар.
2019 жыл маңғыстаулық самбошылар үшін берекелі болды. Республикалық дейгейде Маңғыстау облыстық федерациясы «Ең үздік самбо федерация» атанды. Маңғыстаулық Берік Жұмағалиев самбо күресінен «Үздік бапкер» атанса, «Үздік спорт мектебі» номинациясымен Манарбек Бисекенов басқарып отырған «Жас Батыр» спорт мектебі топ жарған болатын.
Өзіңіз білесіз, қазіргі таңда облысымыздағы «Жас батыр» спорт мектебі жасөспірімдерге самбо күресін үйретіп, жаттықтырып жүр. Тіпті Маңғыстау ауданы (Оңды, Жыңғылды, Қызан, Ақшымырау ауылдарында), Бейнеу, Түпқараған аудандарында ашылған спорт мектебінің филиалдары да тұрақты жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында самбо күресінен секция ашу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз жылдан жылға самбо күресіне қызығып, қатысуға өтініш білдіретін бала санының артқанын аңғартады.
– Облыстағы спортшылардың көрсеткіші көңіл қуантатынын байқадық. Енді республикалық деңгейде топ жарып, Қазақстанды күллі әлемге танытып жүрген самбошылар қатарында кімдер?
– Елде самбо күресі секциясы 1953 жылы ашылған, содан бері КСРО спорт шеберлері, кейін өз саласының бетке ұстар мықтылары шыға бастады. Қазір ҚР Самбо федерациясы Нұр-сұлтан қаласында өз жұмысын жалғастыруда. Федерация президенті Рапиль Жошыбаев Сейтханович дүдірлі додаларда ел намысын қорғайтын споршыларға жанкүйер болып, қолдау көрсетіп отырады. Соның нәтижесінде спортта жетістікке жетіп, еліміздің көк туын көкке көтеріп жүрген әлем, Азия чемпиондары және жүлдегерлер жетерлік. Атап айтқанда Есет Қуанов, Бағлан Ибрагим, Нұрбол Серіков, Рамазан Мамаев, Ерболат Байбатыров, Рахат Жананиет, Серікжан Түсіпов, Болатбек Райымқұлов, Нұркен Домбаев, Дилдаш Күрішбаева, Ажар Салықова, Динара Жұмабаева есімді самбошыларымыз бар. Бапкерлердің үмітін ақтап, қазақ елін әлемге танытып жүрген балаларымыз әлі талай биікке өрлейтініне мен кәміл сенемін.
– Айдос Амангелдіұлы, биыл самбодан алғашқы жарыс қай қаладан бастау алады?
– 6-10 ақпан күндері аралығында ерлер, әйелдер және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Жарыста жеңімпаз атанғандар Азия, әлем чемпионатына жолдама алады. Содан кейін жасөсіпірімдер, жастар арасында чемпионат жалғасын табады.
Қазіргі таңда спортшыларымыз өңірлік күнтізбесіне сай оқу-жаттығу жиындарында дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан 2020 жылдан көп үміт күтеміз. Болашақта жақсы жаңалықтарымызбен бөлісеміз.
– Жаңа қызметіңізден бөлек, облыстық самбо федерациясының президентісіз. Өңірлік федерацияның алдағы жоспарымен бөліссеңіз?
– Әдеттегідей спортшыларға арналған оқу-жаттығу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. 2021 жылы маңғыстаулық самбошыларға арналған Самбо академиясы бой көтереді, биыл құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар маңғаз Маңғыстауда халықаралық деңгейдегі бірнеше турнир өткізіледі.
– Айдос Амангелдіұлы, сұқбатыңызға рақмет! Жаңа қызметіңізде абыройлы болыңыз. Спортшыларыңыз жеңіс тұғырынан көріне берсін.
Арай ЖАУПЕРОВА
Суретті ұсынған «Жас батыр» спорт мектебі