"XL" фитнес-орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бойынша белсенді жұмыс жүргізе бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі уақытта "XL" фитнес-орталығына мүмкіндігі шектеулі 20-дан астам адам тегін барады. Сондай-ақ, бұл жерде облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері де тегін жаттығады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар мен зейнеткерлерге, оқушылар мен студенттерге де арнайы жеңілдік қарастырылған.
Маңғыстау облысы бодибилдинг және фитнес федерациясының президенті, бодибилдинг және фитнес бойынша аға жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші Анатолий Ждановтың айтуынша, "XL" фитнес-орталығы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен халықтың денсаулығын нығайту бойынша әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар мен акциялар өткізуде белсенділік танытып келеді.
"Маңғыстау облысының бодибилдинг және фитнес федерациясы" ҚБ мен "XL" фитнес-орталығына айына 100-ден астам адам барады. «Қоғамдық келісіммен» жасалған меморандум бойынша ерекше қажеттілікті талап ететін 50-ден астам бала мен ересек, «Отбасылық үлгідегі балалар ауылынан» 40-қа жуық адам, көп балалы аз қамтылған отбасылардан 10-нан аса адам осы фитнес-орталықта денсаулығын шыңдайды.
Фитнес-орталықтың залдары техникамен толықтай жабдықталған. Сондай-ақ, SPA бөлмелерінде процедураларды қажетті деңгейде жүргізетін мамандар келушілерді өз қызметтерімен қуанта алады.
Облыс орталығындағы Неке сарайының цокольдік қабатында орналасқан "XL" фитнес-орталығы биыл 15 жылдығын тойламақ. Анатолий Ждановтың айтуынша, 15 жылдық мерейтой аясында бодибилдинг фитнесінен батыс өңірінің ашық чемпионаты өткізіледі.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында бодибилдинг және фитнес федерациясы "XL" фитнес-орталығымен бірлесіп Республика көлемінде бірнеше ауқымды спорттық іс-шараларға қатысты.
Фитнес залда оңалту, сауықтыру және созылу үшін, сондай-ақ дене теңгерімі мен қысқа мерзімде арықтауға арналған Kinesis және Flexability жабдықтары бар. 500-ден астам табиғи қозғалыстарды имитациялай алатын бұл құрылғыға фитнесті жаңа бастағандар да тез бейімделе алады. Бұл жаттығу сапасын жоғалтпай, спортзалда өткізілген жалпы уақытты төмендетеді. Kinesis төзімділік пен адамның бұлшық күшін дамыту үшін таптырмас көмекші.
Сондай-ақ, аталған тренажерларда WELLNESSinstituteCentralAsia-ның фитнес-жаттығулары мен емдік дене шынықтыруы бойынша жоғары білікті фитнес мамандары нұсқаулық етеді.
- Жаттығуды жақсы көрген адам процестің өзінен ләззат алуы керек. Бұл спортта тек оған ғашық адам ғана қалады. Өзін қинап жаттығатындар ұзаққа бара алмайды. Шын әрекет еткендер ғана нәтижеге қол жеткізеді, - дейді нұсқаушы-жаттықтырушы Айгүл Құрметқызы.
Фитнес-орталықтың әр маманы өз ісінің хас шебері. Күшіңіз бен жігеріңізді жиып барсаңыз олар сымбатты болудың сан түрлі әдісін үйретеді. Ал еріншектер үшін бұл мекен құтты болмауы мүмкін. Өйткені, спортта ынталы әрі белсенділер ғана еңбектің жемісін көре алады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ