Ата-ана үшін баласының жеңіске жасаған қадамын тамашалап, оның өмірлік мақсат қойып, сол жолда ерінбей еңбек етіп, тер төгіп, тұғырлы тұлға ретінде қалыптасуына куәгер болып, көмек қолын созудан артық бақыт жоқ шығар.
Кішкентай бүлдіршініміз 6 жасар Шынар Сүннетбайдың жетістіктеріне қуанып, балаларымызды жеңіске жетелеген жаттықтырушылар Лаура Айтжанова, Азамат Құбашев, Мирас Шамовқа ата-аналар атынан алғыс айтпақпын. Үздіксіз дайындықтар кезінде шәкірттеріне дұрыс жол нұсқап, өтімді әдіс-тәсілдерді үйрететін ұстаз еңбегі тынымсыз. «Не ексең, соны орасың» демекші, еңбектері де ақталуда. Бапкерлерінің үкілеген үмітін ақтаған ұландарымыз қатысқан сайыстарында топ жарып, жеңіс туын желбіретіп келеді.
Айта кетуі керек, 17-19 наурыз күндері Тараз қаласында каратэ-до және қылыштасудан өткен республикалық турнирде 17 спортшымыздың бағы жанып, 2 алтын, 3 күміс, 12 қола медальды қанжығаларына байлап қайтты. Жеңіс тұғырынан көрінген Мирас Сатханбай, Олжас Алтынбек бірінші орынға табан тіресе, Индира Жәнібекова, Ғалымжан Мұсаев, Мейрамбек Отарғазиев күміс медальды, Шынар Сүннетбай, Нұрасыл Мұса, Алихан Сәрсенов, Нұрмұхамет Рахмет, Талғат Нарымбаев, Тұрар Қалпақбай, Құндыз Ықыласова, Алдияр Мәдениетов, Амира Ерғали, Нұралы Бексұлтан, Жансерік Сәрсенбай, Айбек Тәңірберді қола медальді еншіледі.
Ал, 24-26 наурыз аралығында Ақтау қаласында өткен каратэ-до бойынша ҚР-ның чемпионатында да ұландарымыз алған бетінен қайтпай, 5 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені алып қайтты. Еркінбек Байтөреев, Амангүл Дүйсенбай, Бақытжан Жалғасбай, Нұрбек Сейілхан, Тұрар Қалпақбай бірінші орынға, Мейрамбек Отарғазиев, Амира Ерғали екінші орынға, Бексұлтан Нұралы, Ерасыл Сариев, Шынар Сүннетбай үшінші орынды иеленіп, қала құрамасының мерейін асырды. Мұхтар Әуезов, ғасыр уақыт бұрын «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен. Жас баланың санасымен қатар, денінің саулығын ойлап, түрлі спорттық үйірмелерге қатыстырып, шынықтыра түсу, ертеңгі сау буынның қалыптасып, ел игілігіне еңбек етуіне мұрындық болмақ. Осынау істе, ата-аналар қауымына қол ұшын беріп, балапандарымызды өздерін қорғай білуге, физиологиялық тұрғыда шынықтырып, жеңіске деген ұмтылысты саналарына сіңіріп жүрген жаттықтырушыларына алғыс айтамыз. Ата-ана мен ұстаз қатар жетелеген шәкірттің жеңіске жетпеуі мүмкін емес. Сондықтан талмай еңбек ете отырып, шәкірттеріңіздің биік белестерді бағындыруына үнемі куәгер болып жүрулеріңізге тілектеспін.
Майжан МАСАТОВА, №15 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі.