Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржыны кезекті медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды деп хабарлайды Olympic.kz.
Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді.
Осы орайда, төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтерді.
Алтын жүлдегі қытайлық Ли Фабин (313 келі), күмісті индонезиялық Эко Юли Иреван (302 келі) иеленді.
Бұл Қазақстан командасы сапындағы екінші жүлде. Кеше дзюдодан Елдос Сметов қола жүлдегер атанған болатын.
ФОТО: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК