Елде төтенше жағдай жарияланған соң барлық спорт кешендері мен спорт мектептері уақытша жабылған болатын. Десе де маңғыстаулық спортшылар салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырғандықтан үй жағдайында спортпен шұғылданып, оқу-жаттығу жұмыстарын күнделікті орындап жүр.
Маңғыстау облыстық спорт басқармасы баспасөз қызметінің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда жаттықтырушы мен спортшы арасындағы байланыс үзілген жоқ. Басқарма тарапынан әрбір спортшы үшін 1 аптаға арналған үй жағдайындағы жаттығу бағдарламасы әзірленеді. Дайын бағдарлама әлеуметтік желілерде жарияланады. Тапсырманы орындау барысы басқарманың бақылауында болады.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 96 спорт түрі бойынша барлығы 232 500 спортшы бар. Түрлі додаларда бақ сынап, ел байрағын көтерген білекті жастар әлемді есеңгіреткен індетті жеңетініне сенім білдірді. Осылайша «Біз біргеміз» челленджіне үн қосып, аймақ тұрғындарын спортпен шұғылдануға, карантин ережелерін тиянақты орындауға шақырды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА