Маңғыстау облыстық қан орталығында маңғыстаулық спортшылар белсенді түрде қан тапсырып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаевтың айтуынша, спортшылар арасында тұрақты донорлар және алғаш рет қан тапсырғандар бар. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар бар.
Маңғыстауда қанның және оның компоненттері ең төменгі шекке жеткендігін бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерден көрген болатынбыз. Бей-жай қарап отыра алмадық. Өз еркімен қолдау білдіруге ниет білдіргендер көп болды. Бұл ұйымшылдықтың белгісі деп білемін, - дейді ол.
Донорлар қатарында бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры, әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов бар.
Ал Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Болат Досов бұған дейін де бірнеше рет қан тапсырған.
Қанның және оның компоненттеріне сұраныс әрдайым жоғары болатыны айтпаса да белгілі. Осы бастамаға қолдау білдірген әрбір спортшыға дән риза болдық. Донор болған спортшылар өздерін ерлік жасадық деп ойламайды, олар бұл бастаманы азаматтық парызымыз деп біледі. Қан тапсыруға ниет білдірушір әлі де көп боларына күмән келтірмеймін, - дейді Болат Бексиықұлы.
Өз кезегінде облыстық қан орталығының өкілдері ерікті донор болған спортшыларға шексіз алғысын білдірді және алдағы уақытта қан қоры қайта бұрынғы қалпына келеді деп сенеді
Дәрігерлер қан тапсыру адамның ағзасына ешқандай зиян тигізбейтінін, пайдасы зор екенін еске салады. Оның үстіне бір адамның қаны үш науқастың өмірін аман алып қала алады.