Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауды атап көрсеткен болатын. Осы бағытты іске асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың аясында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалін өткізуді қолға алды. «Ұлы даланың көне сарындары» атты республикалық дәстүрлі музыка фестивалі еліміздің барлық өңірін аралап, шалқыған қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау жеріне келді. Іс-шара ұлы Абайдың отаны Семейден басталған болатын. Кейін Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарындағы тұрғындарды ұмыт бола бастаған ән мен жырға сусындатып келеді. Мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын жыр-терме, ән-күй, дәстүрлі музыка өнерін еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен насихаттау – фестивальдің басты мақсаты. Абай атындағы демалыс кешені сахнасында танымал өнер саңлақтары өнер көрсетті. Олар өшкелі тұрған өнерді, ұмыт бола бастаған ән мен жырды халыққа тарту етті. Аталмыш өнер кешіне облыс әкімі орынбасары Руслан Сәкеев, ақсақалдар мен өнерсүйер қауым көптеп жиналды. Топырағынан Абыл мен Қашаған, Мұрын мен Сүгір, Есір мен Есбайдың ұлттық музыка қорына теңдессіз қазыналар қосқан, ұлылар тамыр тартқан, талай дүлдүл түлеп ұшқан Маңғыстауда жалғасын тапқан шараға танымал өнер майталмандары қатысты. Атап айтсақ, жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойынша Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанов, Гүлмира Сарина, күйшілер Батыржан Мықтыбаев және М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әртістері Ақмарал Ерімбетова, Нұрым Асқанов, Оспан Құлсымақ, Әйгерім Құлжарасова, Гүлжамал Ербозова мен Ажар Көбегенова, домбырашылар ансамблі көпшілікке күй тартып, жырдан шашу шашты. Маңғыстау өңірінде қалыптасқан күйшілік мектеп оқшау ыңғайда дамыған орындаушылық және шығармашылық әдістерінің ерекшелігімен көзге түседі. Батыс күйшілік дәстүріне жататын Маңғыстау күйлері қағыс, тартысымен айрықшаланып, өз алдына бір мектеп болып қалыптасқан. – Қаңтар айынан бастау алған фестиваль Маңғыстауға да жетті. Шараның мақсаты – барлық өңірлерге барып дәстүрлі ән-күйді насихаттау. Өйткені қазіргі таңда елімізге батыстан келіп жатқан эстрада болсын, опера болсын басқа да бағыттар қарқын алып кетті де, біздің дәстүрлі өнеріміз көлеңкеде қалып жатыр. Сол үшін бұл кеш жастарға дәстүрлі өнерді түсіндіру мақсатында ұйымдастырылуда. Аймақтарды дәстүрлі өнердің руханияты болып жүрген Алмас Алматов ағамыз бастаған өнер адамдарымен бірге аралап жүрміз. Әр облысқа барғанда сол өңірдің өнерпаздары бір сахнада осы кісілермен өнер көрсетеді. Дәстүрлі өнердің түрлі мектебін қамтыған жоба деп те айтсақ болады. Келесі жылдан бастап аталған фестивальдің ауқымын кеңейтіп, жаңаша елге тарту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Тек қана облыс орталықтарында емес, саф өнерді аса бағалайтын ауыл-аймақты аралау алдағы жылдың жоспарында. Сондай-ақ қатысушыларды дәстүрлі өнердің түрлі мектебінен іріктеп алсақ деген ойымыз бар, – деді жобаның режиссері Қуаныш Керімқұлов. – «Нұр Отан» партиясы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалін өткізуді қолға алған болатын. Фестивальдің ашылуы Семей қаласында өтті. Шығыс, Батыс, Оңтүстік өңірлердің барлығын аралап, киелі Маңғыстау жұртшылығына өнер көрсетіп жатырмыз. «Ұлы даланың көне сарындары» деп осы атауды қойғанда ең басты мақсатымыз – әр өңірге тән өзіне ерекше күй тарту өнері, жыр-терме орындау өнерін халыққа көрсеткіміз келді. Сонымен қатар бір өңірге келесі өңірдің өнерінің ерекшелігін таныту. Мысалы, Шығыста домбыраның жалпы көлемі, келбеті де өзгеше, қысқа дауысы да басқаша болады. Соған сәйкес орындаушының орындау тәртібі де бөлек. Қызылорданың өз мектебі бар, олар көмеймен айтады. Ал Маңғыстаудың ерекшелігі – төкпе күй мен төкпе жыр. Міне, осы төл мәдениетіміздің мың жылдар бойы ұмытылмай келе жатқаны – көне сарындарын көпшілікке паш етуі. Өзімізбен бірге әр өңірге барғанда елге, халыққа белгілі халықаралық деңгейде өзін осы өнермен танытып жүрген күйші- термешілер өнер көрсетіп жатыр, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев. Тарихи сананы жаңғыртуда дала фольклоры мен дәстүрлі өнердің алатын орны ерекше. Сондықтан кешке жиналғандар қазақтың әдемі әні мен күйін, жыр-термесін тыңдап, рухани байып қалды. Мұндай дәстүрлі ән кештерін өткізу жастардың музыка мен өнерге қызығушылығын оятатыны сөзсіз. Жастар ұлттық музыканың артықшылығын ұғынады дейді ұйымдастырушылар. Жиналған көпшілік өнер майталмандарының өнерлерін тапжылмай отырып тамашалап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
М.ӘЛ-ФАРАБИ