©
Маңғыстау мақтанышы, бүкіл елімізге танымал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, облысымыздың және Ақтау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, атақты күйші Сержан Шакрат – ардақты Серағамыз «Қазақстан» телеарнасының шақыруымен Алматыға барып қайтты. Оған белгілі «Дара жол» бағдарламасына түсуге сұраныс болған еді.
Бұл сапарға оны өнер жолында бірге жүрген інілері – Маңғыстау өнер колледжінің бірінші директоры, колледж ашылғанда Серағаң үшін «Маңғыстау саздары» атты әдейі сынып ашқан Аманбек Сүндетов пен домбырашының орындауындағы күйлерді нотаға түсіріп, бүкіл республикаға таралуына сеп болған Айтберген Жаңбыршы жолсерік болып, ағаларының «шашбауын көтеріп» барды.
Бағдарламаға Алматыдан ақиық ақын Темірхан Медетбек, шетелдерді Сәкеңмен талай бірге аралаған белгілі домбырашы ұстаз Абдолхамит Райымбергенов, республика теледидарының ардагері Сағатбек Қалиев, тағы басқалар қатысты. Серағаның ең үздік шәкірті, қазірде консерватория студенттері оркестрінің дирижері және оқытушысы Абылай Тілепбергенов ағадан алған өнерін паш етті.
Екінші кезекте Қазақстан телеарнасы домбырашыға тағы бір бағдарламаға – «Інжумаржанға» түсуге қолқалап, оны да іске асырды. Бұл бағдарламалар – Сәкең түскен «Дара жол» да, «Інжу – маржан» да жұртшылық назарына сәуір айында беріледі деп шешілген.
І.САҚТАҒАНОВ Көрнекі сурет сайттың архивінен
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда көркем гимнастикадан қала әкімінің кубогі өтті