Мұнайлы аудандық соты жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіні 5 жылға көлік басқару құқығынан, бір жарым жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мұнайлы аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы «Toyota 4Runner» автокөлігімен «Ақтау-Жаңаөзен» орталық жолында оң жақ жолақта автокөлік келе жақанын көріп, жол беру үшін тежеуішті басқан. Содан кейін басқару жүйесін игере алмай, жол жиегіндегі қоршауға соғылып, жол-көлік оқиғасын жасап тұрған «Lexus ES 300» автокөлігі мен жүргізушісін соққан. Ал Lexus ES 300 жүргізушісі есін жимастан қайтыс болған.
Сотталушы А тағылған айыппен келісіп, кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза түрін тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім беретінін, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
- Сот сотталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, асырауында кәмелетке толмаған төрт балаларының болуын қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныса, қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен А. ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айыра отырып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген Мұнайлы аудандық сотының үкімінде.
Сот үкімі заңды күшіне енген.