Көше бойында тұратын жеңіл жүріске салынған бойжеткендерді, олардың «өз клиенттерін» қабылдайтын пәтерлерді анықтау мақсатында өткен аптада рейд ұйымдастырылды. Ақтау қаласы жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары мен журналистерден құралған топ кешкісін көше бойын аңдуға шықты. Алдымен түсіру тобы ел арасында «түнгі көбелектердің» тұрағы ретінде танымал 4 шағынаудандағы дүкеннің маңын, теңіз жағасындағы үлкен жолдың бойын торуылдады. Күн батып, қас қарайысымен олар да «жұмыс орындарына» жинала бастады. Көшеге шығып, өзінің қызметін ұсынған үш бойжеткенді полиция қызметкерлері дереу ұстады. Бұл үшеу бөлімшеге жеткізіліп, олардың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449 бабы бойынша хаттама толтырылды. Яғни қоғамдық орындарда сексуалдық сипатта қызметтер көрсету мақсатында тиісу. Аталған баптың 1-тармағы бойынша 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Екінші рет қайталағандарға 2-тармағына сәйкес әкімшілік қамау көзделген. Мұндай шешімді Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты шығарады.
- Көбінесе жеңіл жүріспен айналысқандар көше бойынан ұсталады. Былтыр осындай әрекеті үшін 18 азаматша ұсталып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал дәл осындай әрекетімен екінші рет қолға түскендер 5 күнге дейін қамаққа алынады, - деп атап өтті Ақтау қаласы ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Аманилла Абдулатов.
Бұдан соң рейд қатысушылары осы шағынауданда жеңіл жүрістілер жалдайтын пәтерлерді анықтауға кірісті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қандай да бір пәтерде жеңіл жүрісті қыздардың тұратыны, бұл үйге ер адамдардың жиі келетіні жөнінде ақпарат көршілерден түседі екен. Көршілер көбінесе учаскелік бөлімшеге телефон шалады, тіпті арнайы келіп хабарлайтындар болады. Ақпарат түскен бойда полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, рас-өтірігіне көз жеткізеді.
Рейд барысында полиция қызметкерлері осындай күдікті пәтерлерге бас сұғып, үш әйелді анықтады.
Полицейлер мұндай қыздарға пәтерін жалға берген пәтер иелері де аталған кодекстің 450 бабы бойынша осы көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Мәселен, былтыр 5 пәтер иесі осы бап бойынша жауапқа тартылыпты.
- Бүгін рейд барысында жеңіл жүріспен айналысатын алты азаматша анықталды. Олардың үшеуі көше бойында жүрген жерінен ұсталса, үшеуі пәтер жалдап отырған. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің баптарына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы жыл басынан бері 5 факті тіркелді, - деді А.Абдулатов.
Былтыр жеңіл жүрісті қыздардың ең жасы кішісі 28 жаста болған. Олар көбінесе мұндай жолға ақшасы, жұмысы жоқтықтан баратынын сылтауратады екен. Арасында Қазақстанның азаматтары, олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе сияқты басқа облыстан келгендер көп. Жергіліктілер де бар.
- Былтыр Маңғыстауға келіп жеңіл жүріспен айналысқаны үшін 3 шетелдік бойжеткенге қатысты іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449 бабы 3 тармағы бойынша әкімшілік сотқа жіберілді, - деді Аманилла Абдулатов.
Заманның дамуымен бірге қысы-жазы көше кезбей-ақ "клиенттерін" интернетте отырып табатындар да болады екен. Оларды анықтау, ұстау ұйымдасқан қылмыспен күрес бөліміне жүктелген.
Жалпы айта кетерлігі, Ақтау қаласы ішкі істер басқармасының бұйрығымен ағымдағы жылы 20 ақпан мен 24 ақпан аралығында қала аумағында «Құқықтық тәртіп» кең көлемді акциясы өтті. Акция аясында ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары халық алдында есеп беріп, учаскелік полиция қызметтері жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстары өтті. Жеңіл жүріспен айналысатын әйелдерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған рейд те осы акция барысында өткізілді. Полицейлер акция аясында түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз қаңғып жүретін жасөспірімдерді анықтау үшін көңіл-көтеру орындарына рейдтік іс-шаралар жүргізуді көздеген. Акция қаланың тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп отыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49111,49112,49110,49109,49108"]