Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті бірлесіп әзірлеген кезекті «Адалдық сағаты» шығыстану ілімінің аспанында аққан жұлдыздай жарқ еткен ғалым, ағартушы, публицист Шоқан Уәлихановқа арналады.
Қазақ халқының ардақты ұлы, ағартушы Шоқан Уәлиханов орыс ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерін мойындатқан, аз ғұмырында көп іс тындырып, руханиятымызда өшпес із қалдырған ерекше тұлға.
Өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы, жан-жақты әрі терең білім иесі Шоқан Уәлиханов өз әулетінің текті дәстүрлерін жалғастырып, ата-анасынан алған тәрбиесі мен еңбекқорлығының арқасында парасаттылық пен абыройдың биігінде болды.
Шоқан жастайынан білімге құштар болды. Алғашында Құсмұрында сауатын ашқан ол кейіннен араб жазуының негіздерін меңгеріп, парсы, ұйғыр тілдерін меңгереді.
Шоқан «Жоңғария очерктері» еңбегі арқылы ғылымға беймәлім болып келген өлкені жан-жақты танытатын маңызды еңбек жазды, ауыз әдебиетінің ескерткіштерін зерттеу арқылы халықтың өр рухы, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы туралы құнды пікір айтты. Шоқанның бұл еңбегі оны еуропа ғалымдары мен шетел баспасөзіне, неміс зиялыларына танытты.
Адам баласының бостандығы мен жасампаздығын қолдаған гуманист қырғыздың «Манас» жырын да әлемге әйгілі етті. Оның сан-салалы ғылымды көрсеткен еңбектері бүгінгі күнде маңызын жойған жоқ.
Небәрі 30 жыл өмір сүрген ғалым басқалардың өмір бойы іске асыра алмаған істерін жүзеге асырды. Осы бейне-дәріс арқылы көрген Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен азаматтық ұстанымдары, еңбексүйгіштігі сіздерді адал әрі әділ болуға, ғылым мен білімге ұмтылу арқылы парасаттылық қасиеттерді қалыптастыруға, отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа шақырады деп сенеміз.