Әйел мен еркек тең бе? Жаратылысынан тең емес. Оны бәріміз білеміз. Бірақ осы бір тақырып әлімсақтан бері сауалды мәселе болып келеді. Күні кешеге дейін төмен етекті саналып келген әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа араласып келеді. Қазір әйелдің рөлі ерекше. Бұрын орны тек отбасы мен ошақ қасы саналып келген әйелдің бүгінгі бейнесі әмбебап механизмге құрылған дерлік. Себебі, қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Астары айтпай-ақ түсінікті. Жабайы капиталистік идеяға негізделген қоғам соған үндейді. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп.
Айталық, әйел - саясаткер, әйел - көлік жүргізуші, әйел - бала тәрбиелеуші, әйел - үй күтуші, әйел - заңгер, әйел - экономист, әйел... Тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әрине, әйел, ең бастысы - ана. Бірақ соған қарамастан нәзік жанды әйел қоғам көшін алға сүйреуге белсенділік танытуда. Бұған соңғы он шақты жылдан бері гендерлік саясатты жолға қою мәселесі де себепші болды. Ал, ел арасында бұл жайында түрлі пікірлер туындап жүр. Әйел мен еркектің орыны алмасып бара жатқандай. Әйел еркектің шалбарын киді. Бөркін тартып алды. Машинасын мінді. Билікке барды. Енді несі қалды дейтіндер де бар. Қоғамдағы күнделікті көріністер осындай болғанмен «төмен етектілерге» есесін жібермей жүрген еркектер де жоқ емес. Ал, есесі кеткендер өзінен көрсін. Өйткені, қоғамның қазіргі даму үрдісі осыған жетелейді, осыған үндейді. Ақпараттық технологияға құрылған дәуір көші кетіп барады. Еркегі басын төмен сап, жерге қарап, тығырықтан шығатын жол таппаса әйелі тал қармамағанда қайтеді? Шындық осылай сияқты. Гендерлік саясат негізі әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес. Әрине, түсінгенге! Ал, түсінбегендер көлеңкеде күңкілдеп отыра берсін. Бұл дегеніңіз, екі жұптың теңдігін әспеттеу, басында «екі тауықтың миынан» артық ақылы бар, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Бұрын «шашы ұзын, ақылы қысқа» болған әйелдің бейнесі қазір басқаша. Публицист, ойшыл Асқар Сүлейменов ағамыздың «ең ақылды деген әйелдің басында екі тауықтың миындай ми болады» дегені кезінде еріксіз езу тартқызған. Не десек те, «кез келген үйдің төрінде қамшы тұру керек, әйелді аптасына бір рет таяқпен ұрып тұру керектің» дәурені өтіп барады. Бәлкім, әлгіндей қыжылды пікір айтатындар осыны көксейтіндер болар. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жалғыз басты ерлерге қарағанда әйелдер 5 есе көп. Жұмыссыздықтың 60 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ мүгедек ерлермен салыстырғанда осындай, яғни жарымжан әйелдердің жалғыз қалуы жиі кездеседі екен. Гендерлік саясат дегенде адамдардың түсінігі әр түрлі. Гендер мәселесіне жан-жақты қарау қажет. Көбі гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Әлемдік тәжірибе көптеген елдерде гендерлік мәселелер мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады.
Мәселен, 1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет мақсатты түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алып келеді. Сондай-ақ, 1998 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Ал, 2006 жылға дейінгі Гендерлік саясат тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, іске асырылды, олар гендерлік теңдік мүддесінде ұлттық заңнаманы құру және жетілдіру бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндіктер берілді деуге болады."Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады.
Гендерлік теңдік қай жынысқа жататынына қарамастан, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін және саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени өмір салаларына қатысуға нақты қолжетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық мәртебеге ие болады.
Қазақстан Республикасында 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, гендерлік теңдік мүддесінде ұлттық заңнаманы құру және жетілдіру бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндіктер берілді.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайған.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ж. Жусупова