Кез келген жұқпалы аурудың эпидемиологиялық ахуалға байланысты тыныш және өршу кезеңі болады. Жаңа жылдан кейін қабылдау бөліміне келетін қызылша ауруын жұқтырған балалар саны көбейген деп хабарлайды, mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Жансая Сәрсенбаева мәлімдеді.
Дәрігердің айтуынша , Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының 1-шағынаудандағы инфекциялық бөліміне негізінен 80-100 бала келеді. Ал демалыс күндері 100-120 баланы қабылдаймыз. Олардың қатарында қызылша және басқа да инфекциялық аурулармен түсетін балалар бар.
- Қызылша ауруында бөртпе шыққанға дейінгі кезең - аса қауіпті, әрі жұқпалы. Қызылша ауруы кезінде бөртпе бірден пайда болмайды. Бірінші баланың дене қызуы көтеріліп, температураны түсіретін медициналық препараттармен қызуы түсе қоймайды. Аурудың үшінші, төртінші күндері балада құрғақ жөтел және көзінің қызаруы пайда болады. Бөртпе баланың денесінде аурудың тек 4-5 күнінде ғана шығады. Бөртпе шыққанға дейінгі кезеңді аса қауіпті, әрі жұқпалы деп айтамыз. Себебі, көптеген ата-ана баласында қызылша бар екенін түсінбей, дене қызуын сәл түсіргеннен кейін, қонаққа немесе балаларды ойын алаңдарына апарады. Бұл қызылша ауруының таралуына әкеп соғады. Сондықтан дене қызуы бар балаларды сыртқа шығармай, дәрігерді үйге шақыру қажет. Қызылша ауруының алдын алу үшін міндетті түрде балалар вакцина алуы керек, - деді дәрігер Жансая Сәрсенбаева.