Құтыру – аса қауіпті зоонозды жұқпалы ауру. Бұл дерт адамдар арасында ақырында өлімге әкеліп соқтыратын, жүйке жүйесінің тозуы, қозушылық, агрессиялық, ой қабілетінің төмендеуімен сипатталады. Алғашқы құтыру ауруын дәрігер А.Корнелий Цельс сипаттағандай (б.д.д I-ғасыр), «Судан қорқу (үрейлену)» деп атаған. Құтыру ауруы адамдарға көбінесе, үй хайуанаттарынан – ит, мысықтардан, сондай-ақ етқоректі жабайы аңдардан (қасқыр, түлкі, т.б.) жұғады. 1885 жылы дәрігер Луи Пастер адамды осы аурудан сақтайтын антирабиялық вакцина ойлап тапқан. Аурудың қоздырғышы вирус (Rabies) болып табылады. Вирус негізінен, жабайы аңдар, кеміргіштер - бұралқы иттер – үй ит, мысықтары арасында айналыста жүреді және сол арқылы төрт түлік малға да жұғады.
Жануарларда аурудың клиникалық белгілері әртүрлі болып келеді. Негізінен ауру 3 кезеңмен өтеді: бастапқы, қозу және сал болып қалу кезеңдері. Бастапқы кезеңде, жануар үрейленіп, қараңғы бұрыштарға (жерлерге) қаша береді, азықтан бас тартады, ауызымен ауа қармап, әлденені тістегендей белгі береді. Қозу кезеңінде, агрессивті қылық көрсетуді бастайды, иесін немесе айналадағы жануарларға шабуыл жасау (тістеу), т.б. Сал болып қалу кезеңі, азық жұтуы қиындайды, сілекейі ағу, аяқтары мен денесін қозғалта алмай, салдануы белгілері байқалады.
Аурудың таралу (жұғу) механизміне келетін болсақ, адамды құтырған ит, мысықтар қауып алған кезде, құтырумен ауырған науқастардың сілекейі арқылы таралады. Аэрогенді (ауа арқылы) таралуы да ықтимал (жарғанаттар мекендейтін үңгірлерден, зертханалардан жұқтыру, тамақтан және жәндіктердің шағуы, т.б. арқылы). Әсіресе, адамдардың есінде болатын нәрсе - құтыру белгісі бар жануар тістеп алған жағдайда, тістеп алған орнын (терісін) 10 минут бойына сабынды (ағынды) сумен жуу керек және дереу дәрігерге қаралып, егу курсын алуы қажет.
Ауруға қарсы алдын алу шараларын мұқият жүргізу қажет - жануарларды алдын ала егу, бұралқы ит, мысықтарды тұрақты жойып отыру, үй жануарларын ұстаудың (бағудың) ветеринариялық-санитариялық ережелерін қатаң сақтау, т.б. Қазіргі таңда, облысымызда үй жануарлары құтыруға қарсы жыл сайын жоспарланған мөлшерде егуден өткізіліп отырылады.
Аурудың эпизоотиялық жағдайына келетін болсақ, облысымызда 2018 жылы үй жануарларынан 7 бас түйе, 7 бас жылқы, 7 бас сиыр, 2 бас ит, жабайы жануарлар арасынан 1 бас қарсақ, 1 бас мәлін, 2 бас қасқырдың құтыру ауруына шалдыққаны анықталды. Ал 2019 жылы облыс бойынша үй жануарларынан 1 бас мысықтан, жабайы жануарлар арасынан 1 бас түлкіден құтыру ауруы тіркелді. 2020 жылы жануарлардың құтыру ауруы тіркелген жоқ. Мал шаруашылығын өсірумен айналысушы жеке және заңды тұлғалар (кәсіпкерлер) малды бақташысыз, қараусыз жіберуге мүлдем болмайды.
Құтыру ауруы жануарлар арасында негізінен, қыс айларында және ерте көктемде пайда болуы, сондықтан облыс халқы, оның ішінде ауыл адамдарының ветеринариялық заңнамалар талабын сақтай отырып, барлық сақтық шараларын қолданып отыруды ұмытпағандары жөн екендігін қаперге береміз.
Қамбар МОМЫНОВ,
«Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» ММ эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімі басшысы