Мейірбике – науқастың саулығына, тез жазылып кетуіне дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарап, науқасқа бар жағдайын жасап, уақытылы ем-домды көрсететін денсаулық жанашыры. Облыстың кішкентай тұрғындарының дертіне шипа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі ретінде Шырын Замзинаның еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Ол Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында 40 жылдан аса қызмет жасап, өзіне жүктелген сенімді абыроймен арқалап жүр. Жоғары санаттағы мейірбике Шырын Шүйішбекқызы бүгінде электроэнцефалография кабинетінің мейірбикесі қызметінде.
Мектепті тәмамдаған соң кейіпкеріміз төрт жылдай уақыт әр салада еңбек етеді. Кейін бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін Гурьев медицина училищесінің Форт-Шевченко қаласындағы филиалына құжат тапсырып, оқу ордасын үздік тәмамдап, жолдамамен Маңғыстау аудандық ауруханасында еңбек жолын бастайды. Кейін Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде мейірбике, кейін жас нәрестелер аға мейірбикесі болып тағайындалып, аурухананың аға мейірбикесі қызметін де абыроймен атқарады.
-Менің бала күнгі арманым медицина саласында жұмыс жасап, кішкентай бүлдіршіндерге көмек көрсету болды. Кішкентай кезімнен бастап біреуге көмек көрсеткен ұнайтын. Мен үшін біреуді емдеп, оған көмек беру – игі іс саналады. Сондықтан да осы саланы таңдадым. Еш өкінбеймін. Жұмысым да, ұжымым да жақсы... Тек шынайы мейірімді адам ғана нағыз мейірбике бола алады деп айта аламын. Әрбір кішкентай бүлдіршіннің және оның ата-анасының көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу де аса шыдамдылықты талап етеді,-дейді тәжірибиелі мейірбике Шырын Замзина.
Кейіпкеріміздің медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 1998 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты, 2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет граммотасымен» марапатталды.
Ұжымда сыйлы, еңбекте бағы жанған, көзінен жылулық нұры шашып тұратын мейірімді мейірбике отбасының да ұйытқысы. Жолдасы Жеңіс екеуі қызғалдақтай төрт қызды өсіріп, олардан немере сүйіп, ұрпақ қызығына бөленіп отырған бақытты шаңырақ.
Венера Мирланқызы