3 наурыз күні жол-көлік оқиғасына түскен 1 сынып оқитын қыз балаға ауыр ота жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Жол көлік оқиғасы 3 наурыз күні кешкісін шамамен 18.00-де орын алған. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шұғыл жетіп, ауыр жарақаттанған оқушыны Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген. Ауруханаға жеткен кезде қыз баланың есін жоғалтуына байланысты жағдайы ауырлаған.
Дәрігерлер қыздың маңдай сүйегінде батық фрагменттік сынықтың барын, маңдайлық үлесінің жараланғанын, зақымданудан есеңгіреудің ІІ-ІІІ деңгейі бар екенін, бас миының іскенін айтты. Сондай-ақ, клонико-тоникалық құрысуының жайылғаны байқалған. Қуантарлығы шеткі қан айналымы бұзылмаған. Жүрегінің соғуы бір қалыпты.
Балалар нейрохирургі Ербол Кенжеваловтың айтуынша, кезекші реаниматолог қарап болған соң сұйықтықпен емдеу, шоққа, бактерияға қарсы және күрделі ота жасау шаралары қолға алынған.
«Бірінші сынып оқушысы алғашында шұғыл түрде қабылдау бөлімшесіне жеткізілген болатын. Бізге келген кезде оның жағдайы өте ауыр болатын, себебі сол мезгілде ол есін жоғалтқан. Бас миы компьютерлік томографияға түсірілді. Маңдай сүйегі сынған болып шықты. Сол бойда жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды. Ота 1 сағат 15 минутқа жалғасты және нәтижесі жаман емес. Қазіргі уақытта қыз баланың жағдайы орташа ауыр деуге болады. Ең бастысы ол есін жоғалтқан жоқ, барлық сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып отыр. Ота жасау кезінде қасымда анестезиолог және көмекші болды», - дейді ол.
Кішкентай қыз қазір дәрігерлердің бақылауында. Ауруханада шамамен 10 күндей жатып ем алады, ал жағдайы жақсарған соң үйіне жіберіледі. Қалған ем-дом шараларын тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханада жалғастыратын болады.