Өткен жылы кейбір айларда АИТВ инфекциясымен тіркелгендер саны алдыңғы жылғы көрсеткіштерге қарағанда, сәл де болса азайғаны байқалған еді. Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының эпидемиолог дәрігері Жәмила Махамбеткалиеваның айтуынша, былтырғы көрсеткіш алдыңғы жылғымен салыстырғанда, біраз төмендеген.
-2023 жылы облыста АИТВ инфекциясымен 76 тіркелді,-деді ол.-Олардың 12-сі–шетелдер азаматтары болса, 64-і–Қазақстан Республикасының азаматтары. 2022 жылмен салыстыратын болсақ, сол кезеңде 84 жағдай тіркелген, оның ішінде–8 шетел азаматы, 76 Қазақстан Республикасының азаматтары арасында анықталды. АИТВ инфекциясының тіркелуі жерлестеріміз арасында 12 адамға (15,8%) төмендеді.
Мәліметке сенсек, АИТВ инфекциясы өңірімізде тек Маңғыстау ауданында тркелмеген, басқа қалалар мен аудандардың барлығында тіркелген.
- Тіркелген жағдайлар әйелдерге қарағанда ер азаматтар арасында 2,8 есе көп анықталған,-дейді Жәмила Әбдіқадырқызы.-АИТВ инфекциясын негізінен 19-63 жас аралығындағы адамдар жұқтырған. АИТВ инфекциясы бойынша 15-49 жас аралығында тіркелген жағдайларға көп көңіл бөлінеді, өйткені бұ жас адамдардың қоғамда белсенді болатын кезеңдері саналады. Қабылданған межелі көрсеткіш бойынша АИТВ инфекциясының 15-49 жас аралығындағы таралуы облыста 0,11% көрсетті, яғни 0,12% межелі көрсеткіштен асқан жоқ. Сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды әлеуметтік топтары бойынша талдайтын болсақ, 62,5%-ы–жұмыс істейтіндер, ал 28,1%-ы жұмыс істемейтін адамдар арасында анықталған. Ал жұқпаның берілу жолдарында жыныстық қарым қатынас арқылы 73,4% таралса, халықтың негізгі топтары арасында 20% анықталды. Облыста АИТВ инфекциясына тексерілген адамдардың саны 6,1% көбейді. ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашада шыққан №211 бұйрығына сәйкес, жүкті әйелдердің серіктері де АИТВ инфекциясына тексеріліп жатыр. Жүкті әйел жүктілігі бойынша есепке алынған кезде, серіктері АИТВ инфекциясына бір рет тексерілсе, жүкті әйелдер жүктілігі кезінде 2 рет тексеріледі, яғни есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28-30 аптасында. Жүкті әйелдер мен олардың серіктерінің АИТВ инфекциясына тексерудегі мақсат– АИТВ инфекциясын ерте анықтап, анадан балаға вертикальды берілу жолының алдын алу. Өткен жылы тексеру барысында жүкті әйелдердің серіктерінің арасында 9 адамнан, жүкті әйелдер арасында АИТВ инфекциясымен 2 жағдай анықталды. Анықталған жағдайдар уақытында диспансерлік есепке алынып, антиретровирустық ем қабылдады.
2021 жылдан бастап облыстық ЖИТС орталығында қатынасқа дейінгі алдын-алу шаралары енгізілді. Қатынасқа дейінгі алдын-алу шаралары- бұл АИТВ инфекциясының халықтың негізгі топтары арасында, дискордандық, яғни, бір серігінде жұқпа болмаған жұптар арасында жүргізіледі. Мұндағы мақсат–АИТВ инфекциясының жыныстық және парентеральдық жолмен берілуінің алдын алу.
Эпидемиолог дәрігер келтірген мәліметтерге сүйенсек, облыста 1994 жылдан былтырғы 31 желтоқсанға дейін өсіммен 642 АИТВ инфекциясы анықталған. Оның ішінде шетел азаматтары–118 (18,4%), азаматтығы жоқ адамдар–3 (0,5%), анонимді–2 (0,3%), Қазақстан Республикасының азаматтар–519 (80,8%).
- АИТВ инфекциясына тексерілу Қазақстан Республикасының азаматтарымен қатар шетелдер азаматтарына да тегін,-дейді маман.-Талдаманы тұрақты мекен жайында тіркелген емханада немесе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тапсыруға болады. Тегін кеңес және АИТВ инфекциясына тексерілу үшін Ақтау қаласындағы 3 шағын аудан, 170 ғимаратқа келуге немесе 50-73-62 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады