Бүгін облыс әкімдігінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМБД) төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровпен кездесу болды. Оны ашқан облыс әкімі Алик Айдарбаев биыл елімізде барлық шаралардың Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқаныны атап өтті.
-Бүгінгі іс-шарамыз өзекті тақырыптардың қатарынан орын алатын еліміздегі діни ахуалға арналып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп атағаны өздеріңізге белгілі,-деді ол.- Қазіргі таңда, әлемде болып жатырған саяси қақтығыстар, террористік актілер мен сепаратистік бүлікшілдер әрекетінің ешқайсысыда дінге, оның ішінде Исламға қатысы жоқ екені бәрімізге аян. Тек, билікке негізсіз ұмтылғандар, елдің тұтастығы мен ұлт араздығын қоздырушылар, конфессияааралық іріткі салушылар дінді өз саясатына бетперде етіп қолданғысы келеді. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір Тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бұл – ең әуелі Алланың біздің елге деген шексіз мейірім-рахымының, одан соң қысылтаяң кезеңде ел тізгінін ұстап, бүгінгі биігімізге алып шыққан Елбасымыздың ерен еңбегінің және басшысына бойұсынып, бірлікті күзеткен қалың қазақстан жұртының ауызбіршілігінің арқасында жеткен жетістігіміз деп білеміз. Енді, қысқаша облысымыздағы діни ахуалға тоқталып кетейік. Қазір облысымызда 29 діни бірлестік тіркелген. Оның 19-ы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары болса, 10-ы христиандық бағыттағы діни бірлестіктер. Қалалар мен аудандар әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес мәжілістері өз қызметтерін атқаруда. Облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында, діни экстремизм мен терроризмның алдын алуда облыстық 8 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыстануда. Бұған дейін республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері исламтанушы-теологтар өңірімізде болып, насихат жұмыстарын жүргізуде.
Сөз кезегін алған бас муфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейнебаян ұсынды. Өткен жылы ҚМДБ ұйымдастыру жұмыстары бойынша өз қызметін дамыту тұрғысынан стратегиялық және қоғамдық маңызы бар құжаттар дайындады. Халықаралық қатынастар бойынша «Келісім мен жасампаздық. Орталық Азияда Исламның дәстүрлі негізі» атты Ортаазиялық форум ұйымдастырылды.
Дәстүрлі Ислам дінін дамыту бағытында атқарылған шаралардың бірі—имамдар біліктілігін арттыру. Осы орайда да атқарылған жұмыстар аз емес. Сондай-ақ барлық өңірлердегі имамдарды аттестациялап, іріктеу жақсы жолға қойылған.
Жиынға қатысушылар дін мәселесіне орай Бас муфтиге қойған сауалдарына жауап алды.
Басқосудан кейін БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Ержан Малғажыұлы журналистердің елдегі діни ахуалға байланысты сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ бұл күні ҚМДБ төрағасы облыстық орталық мешіт жанынан бой көтерген «Қайырымдылық мекемесінің» салтанатты ашылуына қатысты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет: Талант ҚҰСАЙЫН