©
Тұрғындар медициналық көмекке жүгінгеннен кейін дәрігерге баға бере алады. Сақтандыру арқылы емделген тұрғын арнайы терминал, сауалнама немесе телефон қоңырауымен дәрігерге ұпай қояды. Бұл туралы бүгін брифингте облыстық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Руслан Бектубаев мәлімдеді.
- Дәрігерге баға беру тура банктердің қызметіне баға берген сияқты жүзеге асырылады. Мұның өзінен-ақ медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізілетінін түсініп отырған боларсыз. Бұл дегеніңіз, жасыл, сары және қызыл деңгейлі медициналық ұйымдар анықталады деген сөз, - дейді Р.Бектубаев.
Айта кетейік, Маңғыстаудағы «Invivo», «Сенім», «Нейрон», «Ча-кур» сияқты әйгілі медициналық орталықтар жаппай әлеуметтік медициналық сақтандыру деректер қорына тіркелуге көшті. Маңғыстаудан 54 медициналық ұйым міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелді, олардың 33-і – мемлекеттік болса, 21-і жеке меншік ұйымдар. Деректер қорына 6 жаңа медициналық ұйым қосылды. Біреуі – ведомстволық, бесеуі – жеке меншік. Сонымен бірге – 14 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, олардың үшеуі – жеке меншік. Тағы да 5 жеке меншік медициналық ұйым азаматтарды тіркеу кампаниясына қатысуға ниет білдіруде.
- Қазір жеке меншік медицина орталықтары жаппай сақтандыру қорына тіркелуге ниет білдіріп отыр. Тұрғындар медициналық сақтандыруда емделуге көшсе, ақылы түрде қызмет көрсету азаятынын олар түсініп отыр. Сәйкесінше, медициналық ұйымдарға талап күшейетін болады. Денсаулық саласындағы медицина орталықтары арасында үлкен бәсекелестік туындайды. Өйткені, қай емханаға баруды тұрғындар өздері таңдайды және қормен сақтандырылса, бұл қызмет, әрине, тегін. Сондай-ақ, 26 мен 7-шағын аудандардағы емханалардағы ұзын-сонар кезек азаятын болады, - дейді Руслан Бектубаев.
Бұдан бөлек, Маңғыстауда тұратын шетел азаматтары үшін де медициналық мүмкіндіктер қарастырылуда. ҚР аумағына уақытша келген шетел азаматтары мен олардың жанұясын арнайы тіркеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айгүл ДӘДЕН