©
Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен елді-мекені аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай теңіз жағалауында орналасқан. 1207 тұрғыны бар ауылда шаруа қожалықтары жақсы дамып келеді. Қазіргі таңда Қызылөзен ауылында 55 шаруа қожалығы тіркелген, оның 23-і егін шаруашылығымен айналысады.
Қызылөзен ауылына қарасты «Әулет» шаруа қожалығының басшысы Айтбай Шәріпов кәсібін 1998 жылдары мал өсірумен бастаған. Кейін замандасы Бүркітбай Рмолдиевпен бірігіп, егін егіп, халықты көкөніспен қамтуды қолға алыпты. Егін егу үшін 50 гектар жерді жекешелендірген. Одан бөлек, мал жайылымына, шабындыққа арналған 1000 гектер жерді 49 жылға жалға алған. Сатып алған жердің 10 гектарына сәбіз, қияр, қызанақ, қарбыз, қауын егіп, тұрғындарды табиғи өніммен қамтамасыз еткен. Өткен жылы қожалық иесі әр гектардан 35-40 тонна қарбыз бен 15-20 тонна қауын алған.
-Негізінен қауын-қарбыз, көк шөптерді көп егеміз. Өнімдерімізді базарға шығарамыз және Форт-Шевченко қаласындағы түрік компаниясына өткіземіз. Аталмыш компаниямен 10 жылдан бері жасақталған арнайы келісім-шартымыз бар. Соларға маусымдық кезде көк шөптерімізді, көкөністерімізді өткізіп тұрамыз. Былтыр 14 гектар жерге егін еккен едік, көп өнімімізді базарға өткізе алмай қалдық. Өйткені, ортадағы делдалдар өте арзан бағаға сұрады. Олар қолдарын қимылдатпай, еңбек етпей жүріп, көп табыс тапқылары келеді. Бірнеше айлап еңбек еткен біздің еңбегімізді елемейді де. Алдағы уақытта делдалдармен жұмысты тиісті мекемелер жүйелесе дейміз,-дейді «Әулет» шаруа қожалығының басшысы Айтбай Шәріпов.
Қожалық иесі «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналар сөзін өміріне ұран етіп ұстанады. Сондықтан да 3 гектар жерге осыдан 15 жыл бұрын өрік, алма, алмұрт, айва, алхоры отырғызып, үйінің жанын әдемі баққа айналдырған. Алғашқы жылдары бақта 1200 түп жеміс ағашы отырғызылған.
- Бұл ағаштардың өнімін сатып, пайда табу үшін отырғызған жоқпын. Бақтағы жеміс ағаштарының өнімдері бала-шағадан артылмайды. Өнімін балаларым тоя жеп, қызығын көрсе деймін... Бүгінде егістікке тамшылата суару технологиясын көп қолданамыз, өте тиімді. Тағы бір мәселе бар, меніңше электр энергиясына субсидия сұрайтын уақыт келген сияқты. Өйткені айына электрге 150 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Бұл қаржы қалтамызға да оңай соқпайтыны анық,- дейді «Әулет» шаруа қожалығының басшысы Айтбай Шәріпов.
Бүгінде бұл қожалық егіншіліктен бөлек мал шаруашалығын дамытуды қолға алған. Қожалық қарамағында төрт түліктен 100 қаралы қой, 70-тен астам жылқы, 10-нан астам сиыр мен түйе бар.
-Мен өзі ауылда өскен қойшының баласымын. Әкемнің қалауымен мұғалімдікті бітірдім, кейін ауыл шаруашылық саласында білімімді жалғастырдым. Өзім ауылда өскен соң болашағымды ауылмен байланыстырғым келді. Қалаға кетуге мүмкіншілік болса да, ауылдан кете алмадым. Жастарды да елімізде ауыл шаруашылық саласын дамытуға, осы салада жұмыс жасауға шақырамын. Қазір қарамағымызда он адам жұмыс жасайды. Біздің қазақ жігіттері қара жұмысқа барғысы келмейді, еріне ме, әлде басқа да себептері бар ма білмедім. Сондықтан да өзбекстандық, қырғызстандық азаматтарды жұмысқа алуға мәжбүрміз,-деген «Әулет» шаруа қожалығының басшысы Айтбай Шәріпов.
Қызылөзен ауылына қарасты «Ғалым» шаруа қожалығы 2003 жылдары құрылған. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар алып жүрген кәсіпкер Ғалым Таңбай жерінің жартысын жекеге айналдырып, сатып алған.
-Жерімнің жартысын жалға, жартысын өзіме жекеге айналдырып, сатып алдым. Бұлай жасаған әрине, өте тиімді. Кеңсай жер алқабынан алған жеріме өткен жылдан бастап қияр, қызанақ, қауын, қарбыз егіп, аудан тұрғындарына саттым. Жерімнің 50 гектарын егіншілікке арнадым. Одан бөлек Жарауыл деген жерден 200 гектар жер алып, төрт түлікті өсіріп, өнімін базарға өткізіп жатырмын. Ол жерді 49 жылға жалға алдым. Бүгінде 11 адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Еңбек етсең емерсің» демекші, еңбек еткен адамға бәрі бар. Әрине, қай істе де, қиыншылық болады, бірақ адам шыдап, сабырлық таныта білуі керек деп есептеймін,-деген «Ғалым» шаруа қожалығының басшысы Ғалым Таңбай биылғы жоспары Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласын 250-300 тоннадай қауын, қарбызбен қамтамасыз ету екенін айтты.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН