Жақында Маңғыстау облысы Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Түпқараған тұрғынынан 51 келі бекіре балығын тәркіледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Полиция қызметкерлері сағат шамамен 18:45-те күдіктінің үйін тінту кезінде сарайдан жалпы салмағы 51 келі болатын 15 бекіре балығы бар мұздатқышты тапқан.
Департамент баспасөз қызметінің айтуынша, бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша (сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлермен, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе туындыларымен заңсыз жұмыс жасау) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал тәркіленген балық «Қазақ Осетр ғылыми -өндірістік кәсіпорны» ЖШС -не берілді.
"Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Бекіре - Қызыл кітапқа енгізілген балық. Мұндай балықты аулауға ел заңы бойынша тыйым салынған", - деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА