Түнгі клуб иесі V $ X V PRiNCE лақап атымен танылған рэп орындаушының концертін жасырын өткізбек болған. Оған 70-тен аса адам жиналған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері түнгі клуб алдына жиналған адамдарды байқап, мониторинг топ өкілдерін шақырған. Мониторинг топ концертті тоқтатып, іс-шараны ұйымдастырушыларға әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша айыппұл салды.
«Оқиға 5 желтоқсан күні сағат 21:40-та 7 және 9 шағынауданда болған. Патрульдеу кезінде учаскелік инспекторлар полиция майоры Д.Яцко мен полиция капитаны Р. Алиев «Н2О«клубына кіре берісте 70-тен астам адамның жиналғанын байқайды. Полицейлер келушілермен сөйлесіп, «Н2О» клубында концерт өтіп жатқанын анықтаған. Мобильді мониторингтік топ шақырылды, (әкімдік, сэс, әкімдіктің баспасөз қызметі) концерт тоқтатылды. Концерттің ұйымдастырушысына ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша материал жиналды», - деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әкімшілік кодекстің 425-бабын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 30 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 АЕК айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.