Ақтау қаласында төмен вольтты электр моторлары мен генератор жинайтын және жөндейтін бірлескен қазақ-румын кәсіпорны құрылатын болды. Осыған орай Бухарест электр машинасы зауытының өкілдері (UMEB Elektromotoren) маңғыстаулық кәсіпорындарға жаңа зауыттың жұмысы туралы айтып берді. «Маңғыстау индустриалдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Нұрбол Оқуовтың айтуынша, бұдан былай маңғыстаулық кәсіпорындар өндіріске қажетті аталмыш тауарларды сырттан сатып алмай-ақ, жергілікті жерде тапсырыс беретін болады. Әсіресе азық-түлік өнімдерін шығаратын фабрикалар, тоқыма және металлургия өнеркәсібі, химиялық, құрылыс материалдары және т.б. мекемелер тапсырыс берушілер қатарын көбейтеді деп күтілуде. -«UMEB» Румыниядан бөлек Шығыс Еуропаға да жақсы танылған кәсіпорын. Зауыттың өнімдері көбіне кенорындарда сұранысқа ие және қазіргі еуропалық стандарттарға сай. Негізінен зауытта өндіріс үш фаздық асинхронды қозғалтқыштар, тұрақты тоқ генераторы, ілеспе және электргенераторлар көптеп шығарылады. Электрқозғалтқыштар жарылыс қауіпі жоқ ортада көп пайдаланылады. Химиялық және мұнайхимиялық, тау-кен және металлургиялық өндіріс, ауыр жүк көтеруге арналған тартқыш қозғалтқыш, қала көлігі, сонымен қатар электргенераторлар мен генератор қондырғысын өндіруші зауыттар тапсырыс берушілер қатарын көбейтіп отыр. Барлық қозғалтқыштар көптеген елдерде кез-келген климатқа төзімді келеді, әсіресе СЕ таңбасын енгізген мекемелерде ешқандай қиындық туғызбайды. Айта кету керек, «UMEB Elektromotoren» әлемдегі төмен вольтты электр моторлары мен генератор өндіретін бірінші румындық компания болып табылады. Зауыт өз қызметін 1903 жылы бастады. Бүгінде «UMEB» кәсіпорнында шығарылатын қозғалтқыштардың 60% Италия, Германия, Финляндия, Испания, Ұлыбритания елдерінде экспортталады,- дейді «UMEB» қорының Азиядағы өкілдігінің директоры Василий Друмя. Ағымдағы жылдың маусым айында Ақтауда жұмысын бастайтын төмен вольтты электр моторлары мен генератор жинайтын және жөндеу зауыты шаһардағы өндіріс зонасы аймағында орналаспақ. Алғашқы кезеңде жергілікті 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жаңадан қызметке алынған жергілікті жұмысшылар Румынияда білімдерін де жетілдіретін болады. -Біздің сарапшылар мониторинг жүргізген болатын, нәтижесінде талдау қорытындысы көрсеткендей, аймаққа мұндай кәсіпорынның керек екендігіне көз жеткіздік. Руымындық әріптестермен келіссөздер жүргізген соң, серіктестікті әділет органында тіркеу, экономикалық және заңды мәселелер жөнінде кеңестер, жергілікті кәсіпорын басшыларымен екіжақты кездесулер ұйымдастыру және тағы басқа жұмыстарды қолға алдық. Аталмыш қызмет түрлері біздің тарапымыздан тегін көрсетілуде,-дейді «Маңғыстау индустриалдық палатасы» ЗТБ төрағасы Ғалымжан Балтілеу.
Венера МИРЛАН