Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның төрағасы Ибрагим Тағашевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Сонымен қоса, басқосуда басқарма төрағасының орынбасары Ләйла Алиева, «Каспий-Берекет» ЖШС директоры Берик Бисалиев және «Каспий» су тұщыту зауыты директоры Владимир Мурашко сөз сөйледі. Корпорация өкілдері жаңа өндіріс орындарын құру, экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында инвестициялық ахуалды жақсарту, активтерді басқару тиімділігін және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру сынды бас кәсіпорынның болашақ даму стратегиясына тоқталып өтті. И.Тағашев мәлімдеуінше, 2013 жылы корпорация құрамында 23 еншілес және тәуелді компаниялар жұмыс істеді. Содан бері корпорация қызметі мен құрамын оңтайландыру бағытында біршама істер атқарылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда «Каспий» ӘКК құрамына 4 компания, атап айтсақ «Каспий» су тұщыту зауыты, «Каспий Оперейтинг» ЖШС, «Каспий-Берекет» ЖШС және «Қарағантүбек» ЖШС кіреді. «2004 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кері осмос әдісі негізінде таза ауыз су өндіру зауытын салды. Әйтседе зауыт іске қосылысымен, оның жұмысы түрлі себептермен тұралап қалды. 2011 жылы су тұщыту зауыты «Каспий» ӘКК меншігіне берілді. Облыстық әкімдік қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар толық техникалық бақылаудан өткізілді. Қазіргі таңда зауытта тәулігіне 12 мың текше метр таза ауыз су өндіріледі. Ақтау қаласында ауыз су тапшылығын жою және тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында «Каспий» су тұщыту зауыты өз қызметін сатылы жаңғырту үрдісін қолға алды. 2016 жылдың соңында зауыт тәулігіне 20 мың текше метр және 2017 жылдың аяғына қарай тәулігіне 40 мың текше метр су тұщытады деп жоспарланған. Құны 2 млн.-ға жуық теңгені құрайтын аталмыш жобаны қаржыландыру арқылы 2016 жылдың 3-тоқсанында зауыт қуаттылығын тәулігіне 32 мың текше метр тұщы су көлеміне дейін арттыра аламыз»,-дейді И.Тағашев. Атап өтетін жайт, былтыр корпорация тарапынан сыйымдылығы 18 текше метрді құрайтын «МАЗ» маркалы 2 қоқыс таситын көлік, Ақтау қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен 9 арнайы техника бірлігі сатып алынды. Қазіргі таңда 32 арнайы көлік тұрақты түрде қызмет етеді. Сонымен қатар, іргелі кәсіпорын 2015 жылы Каспий Оперейтинг базасы негізінде контейнерлер өндіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырды. Еңбек өнімділігі тәулігіне 3 контейнерді құрайтын цех жұмысы нәтижесінде қала бойынша 90 қоқыс контейнері алмастырылды. Ал қалалық бюджет қаржысы есебінен 600 контейнер және 198 евроконтейнер бірлігі сатып алынды. Қала бойынша жалпы контейнерлер саны 2300 бірлікті құрайды. Сонымен қоса, қоқыс таситын көліктер қызметін жандандыру мақсатында жерсеріктік бақылау жүйесімен жабдықталды. Сонымен қатар, 2014 жылы корпорация жергілікті ет өнімдерін мұнай компанияларына өткізу жобасын жүзеге асырды. Биыл «Каспий» ӘКК «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» АҚ-дарымен көлемі 72 мың тонна ет өнімін өткізу жөніндегі құны 94,6 млн. теңгені құрайтын өзара келісімге қол қойды. Бастысы, корпорация өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қадағалау және халықты әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдермен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асыру мақсатында «Каспий-Берекет» ЖШС арқылы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен азық-түлік өнімдерін сатып алу және сату ісін тұрақты түрде айналысып келеді. Сауда нүктелері арқылы қолжетімді бағамен азық-түлік өнімдерін сату, апталық жәрмеңкелер ұйымдастыру бағдарламаның басты бағыты болып табылады.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ