«МАЭК- Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өндірген электр энергиясын бөлу және таратумен айналысатын «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-да диспетчерлік орталық ашылды. Бұл инвестициялық жобаның игілігі шалғай ауылдар мен кен орындарына берілетін жарық көзін жан-жақты бақылауға мүмкіндік береді.Өңірлік диспетчерлік орталықтың жұмысымен «Самрұқ- Энерго» АҚ басшылығы, облыс әкімі А.Айдарбаев, оның бірінші орынбасары С.Алдашев, Ақтау қаласының әкімі С.Трұмов және өндірістік мекеме басшылары танысты. Реттеу орталығында диспетчерлер 45 шаршы метрді құрайтын бейнеқабырғада онлайн режимінде қуат көзін қадағалап отыр. Қосалқы стансалардың жұмысында ауытқулар немесе ақаулар орын алғанда бірден хабарланатын бағдарламалармен қамтылған. Құны 1,3 млрд.теңгені құрайтын екпінді жоба «Маңғыстау ЭБК» АҚ-ның 2014-2016 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
- Бұрын диспетчерлер электр энергиясының таратылуын арнайы сызба арқылы бақылайтын. Ол кезде апаттық жағдай немесе қандай да бір кедергілер болса, телефон арқылы білетін. Соңғы технологиямен жабдықталған бейнеқабырға тұтынушыларға жарық көзінің іркіліссіз жеткізілуіне жағдай жасайды. Халықтың қандай көлемде электр энергиясын тұтынатынын немесе төлейтінін автоматтық коммерциялық есеп арқылы көріп отырамыз. Берешек болған жағдайда алдымен ескерту жасаймыз. Төлемесе, тоқ көзінен бірден ажыратпай,тұтыну көлеміне белгілі бір шектеу қоя аламыз. Осы реттеу орталығында 10 диспетчер жұмыс жасайды. Мамандарымыз озық үлгідегі технологияны толығымен меңгеру үшін біліктіліктерін жетілдіріп, оқыту курстарынан өтті,-деді «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның бас инженері Жақсылық Сағымбеков.
Оның айтуынша, облыс аумағында «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-на тиесілі 57 қосалқы станса бар. Оның 10-нан астамына күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі уақытта бейнеқабырғада Бейнеу ауданындағы және Ақшұқырдағы қосалқы станса диспетчерлік басқаруға алынған. Компанияның 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында 27,7 млдр.теңгеге қосалқы стансалар жаңғыртылып, 110/220 кВ жоғары вольтті желі салу жұмыстары жасалады. Өңірлік диспетчерлік орталықтың тынысымен танысқан қонақтар 3-4 айдың көлемінде компанияға пайдалануға берілген жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. «Самрұқ- Энерго» АҚ басқарушы директоры -басқарма мүшесі Серік Түйтебаев электр желілерін басқарудың озық үлгісі компанияның жұмысын жақсартып, облыстың үздіксіз жарықпен қамтылуына толыққанды жағдай жасайтындығын атап өтті.
- Өңірлік диспетчерлік орталықтың іске қосылғаннан кейін электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматты жүйесі мен мониторинг және электр желісін басқаруы объектілерінен түсетін ақпаратты жинау, көрсету және мұрағаттау жүйесінің негізінде «Зияткерлік желі» жобасын кезең-кезеңімен енгізу қолға алынды. «Маңғыстау ЭБК» АҚ-ның активтері арқылы жылына 2,5 млрд.кВт/сағаттан астам электр энергиясын тасымалдайды. Акционерлік қоғамның электр энергиясын бөлу және тарату қызметі бойынша қолданыстағы тарифтер үш категорияға бөлінеді.Компанияның негізгі тұтынушылары жалпы көлемнің үлесі 82% құрайтын мұнай өндіру саласының кәсіпорындары, коммуналдық- тұрмыстық сектордың үлесі 11% және өзге де тұтынушылар 7%-ды құрайды, -деді «Маңғыстау ЭБК» АҚ» басқарма төрағасы Ерлан Киркинбаев.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ