12 тамыз күні Түркменстанда бірінші Каспий экономикалық форумы өтеді. Бұл форумды аталмыш елде өткізу туралы ұсыныс былтыр тамыз айында Ақтау қаласында өткен Каспий маңы елдерінің бесінші саммитінде айтылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Аталған экономикалық форум Маңғыстау облысымен шектесетін Түркменстанның Балқан және Каспий теңізінің жағасында орналасқан Аваза ұлттық туристік аймағында өтеді. Форумның мақсаты – экономикалық серіктестікті дамыту, энергетика, көлік, өнеркәсіп, сауда, туризм және басқа салалардағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау. Форумның қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастық туралы бірқатар келісімшарттарға және басқа да құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Маңызды іс-шараға Қазақстаннан Премьер-Министр А.Мамин бастаған ресми делегация қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігі мен іскерлік орта өкілдері, теңіз порттары және БАҚ қызметкерлерінен құралған делегация қатыспақ.
Айгүл ОРЫНБАЕВА