Кеше Маңғыстау облысы әкімдігінде 6 сайланған облыстық мәслихаттың кезекті отызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс басшысы Серікбай Трұмов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, кәсіпорын басшылары, қала, аудан әкімдері мен маслихат хатшылары және саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Алдымен облыс басшысы ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы баяндама жасады. Өнеркәсіп, мұнай, құрылыс салалары, білім, денсаулық, халықтың әлеуметтік жағдайының оң көрсеткіштері тілге тиек етілді. Сонымен қатар ауыз су мәселесіне байланысты да жұмыстардың жалғасатыны айтылды. «Халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру іс-шаралары «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - елді-мекендерді сумен қамтамасыз ету. Биылғы жылдың бюджетінде бұл мақсатта 8 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Бөлінген қаржыға осы жылы Бейнеу ауданы бойынша Боранқұл, Сарға, Есет, Төлеп, Қарақия ауданы бойынша Жетібай, Сенек, Құланды, Мұнайлы ауданы бойынша Маңғыстау 3, Басқұдық, Маңғыстау ауданы бойынша Жыңғылды, Түпқараған ауданы бойынша Таушық, Ақшұқыр, Сайын ауылдарына ішкі су құбырларын жүргізу жұмыстары жалғасатын болады», - деді С.Трұмов. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындардың осал топтарын қолдау бойынша жұмыстар өз жалғасын таба бермек. Аталған тапсырмаларды дер кезінде орындап, оң нәтижеге қол жеткізу мақсатында облыс басшысы С.Трұмов «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап шығуға барлық күш-жігерімізді салатын боламыз», - деді. Сонымен қатар, аймақ басшысы облысты дамыту мақсатында жасақталған үш жылға арналған жоспарымен бөлісті. «Бірінші кезекте шағын ауылдардың ішкі жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, онда балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын салу жұмыстары жалғаса бермек. Одан бөлек қоғамдық көліктерді де жаңарту көзделуде. Жол мәселесіне байланысты көптің көкейінде жүрген «Жетібай-Құрық», «Жаңаөзен-Кендірлі» бағытындағы жолдарды жаңартуды да жоспарға енгізіп отырмыз. Сондай-ақ Мұнайлы ауданынан әуежай бағытына шығатын жолдың құрылысын салу және Ақтау қаласынан әуежайға бағытталған, одан әрі «43 км»-ге тіке шығатын жолдың құрылысын салу жоспарлануда. Бұл болашақта төрт жолақты жол болмақ. Қаладан Жаңаөзен бағытына тіке шығатын жолдың, одан бөлек Ақшұқыр бағытына теңіз жағасымен баратын жолдың құрылысын салуды да жоспарлап отырмыз», - деді С.Трұмов. Туризм саласын дамыту облыс үшін ең маңызды қадам. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 17 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінген. Су мәселесі де өңір үшін өзекті. «Су көзін өңірімізде көбейтуге байланысты бүгінгі таңда бірнеше жоспарды алға қойып отырмыз. Облыста 45 текше метр су тапшылығы бар. Осыған байланысты алдағы 3-4 жылда Кендірлі аймағынан су тұшыту қондырғысын орнатуға мүмкіндігіміз бар. Форт-Шевченко қаласынан да су тұшыту қондырғысын салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Құйылыста жерасты су қоры бар. Оны да мүмкіндігінше пайдаланатын боламыз», - дейді әкім. Қаламызда жаңа шағын аудандар салына бермек. Бұған дейін де бірнешеуі бой көтерген болатын. Оларды тоқ, су, газбен қамтамасыз ету мәселесі де алдағы міндеттердің бірі. Тағы бір айта кетерлігі, қаламыздың экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы, бұдан бірнеше жыл бұрын салынған зауыттардан шыққан қалдықтарды заласыздандыруға да көп көңіл бөлініп отыр. Облыста халық санының өсуіне байланысты болашақта 19 мектептің қабырғасы бой көтермек. Оқушылар сарайы, драма театр, тағы да басқа мәдени ошақтардың құрылысы жүргізілмек. «Осы жоспарларды алдағы үш жылда іске асыратын болсақ, өңіріміздің дамуына жаңа серпін беріп, халықтың әл-ауқатын бірнеше есеге жақсартамыз деп есептейміз»,- деді С.Трұмов. Сессия барысында депутаттар тарапынан облыс әкіміне бірнеше сұрақтар мен ұсыныстар жолданды. Атап айтар болсақ, №24 сайлау округінің депутаты Н.Сәрсенбай Маңғыстау ауданында осыдан бірнеше жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған жол мәселелерін көтерді. Облыстық мәслихат депутаты А.Меңдібаев малшаруашылығын дамытуға байланысты құдықтардың санын көбейту керектігін алға тартты. Бұл мәселелер бойынша Серікбай Өтелгенұлы тұшымды жауап беріп, алдағы уақытта шешімдерін табу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Айгүл ОРЫНБАЕВА