©
Өндірісті өлкемізде өркениетті өзгертіп, тұрмысымызды түзеген шикізаттың шежіресі сонау 1961 жылдың 5 шілдесінен бастау алғаны белгілі. Жетібай жерінде Маңғыстау мұнайының алғашқы тамшысы тамған сәттен бері «қара алтынның» тасқыны әсте толастаған емес. Елу бес жылдан бері бір өңірдің ғана емес, бүтін бір елдің ырысына айналған байлықтың көзін ашып, өндірістің өрісін кеңейткен майталман мұнайшылар еңбек дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырды. Майлы қиян Маңғыстауда алғашқы №6 ұңғыдан мұнай бұрқағын ашқандардың бірі Нұрмұхан Қанатбаевтың шаңырағында болып, әңгімелескен едік.
Таушықтағы Шахта орта мектебінен сауат ашқан Нұрмұхан аға әкесінің жұмысына байланысты 10- сыныпты Форт-Шевченкодан оқып бітіріпті. Оныншыда оқып жүргенде жан-жақтағы жоғары оқу орындарынан өкілдер келіп, әр түрлі мамандыққа бағыт-бағдар береді.
–1958 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінен келген мамандардың: «Жерді игеруге жергілікті кадрлар тартылуы тиіс. Сондықтан сендер оқып-тоқып, елге қызмет етіңдер» деген сөзі әлі есімде. Сол сөз бізге қамшы болып, мектеп бітірген екі сыныптағы ұл балалардың барлығы емтихан тапсырғаннан кейін комсомолдың жолдамасымен Қызан учаскесіне барды. Ол кезде Қызан мен Түбіжік жерінде барлау жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды. Қызанға жақын Имағамбет дейтін жерде екі айлық курста бұрғышының көмекшісі мамандығын оқып, қолымызға куәлік алдық. Сол уақытта әкем Жетібайға нан пісіруге жұмысқа жүретін болып, мені сонда шақырды. 1958 жылдың желтоқсанының аяғында №1 мұнай барлау алаңы, кейін №2, 4 ұңғылар іске қосылды. 1960 жылы қыркүйекте №6 ұңғыдан барлау жұмыстарын жүргізуді бастадық. Менімен бірге оқыған жігіттер Имағамбетте, Түбіжікте, Қызанда қалды. Барлау-іздеу жұмыстарына жан-жақтан жұмыс күші тартылды, –деді естелікті еске түсірген кейіпкеріміз.
Қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары бұрғылау жұмысы жалғасын тауып, жаңа алаңдар қазылып, жаңа қабаттар сыналған сәттерде №6 ұңғыдағы еңбек бригадасы 3 ауысымда 8 сағаттан жұмыс жасады. Терең бұрғылау-барлау жұмыстарына Хасан Тәжиев, инженер Қуан Қазиев, геолог Вадим Тевяшев басшылық етті. 1961 жылдың 5 шілдесінде Николай Петровтың бригадасы бұрғылап жатқан №6 ұңғының 2383-2389 метр тереңдігінен қуатты мұнай бұрқағы атқылады. Маңғыстау мұнайының тарихыныдағы сәтті Нұрмұхан аға көз алдымызға келтірді:
– Алғаш мұнай бұрқағы атқылаған түні бұрғышы Кемелхан Берікбосынов екеуімізді басқа ұңғыда жұмыс күші жетіспей сонда жіберген еді. Түн мезгілінде шапшыған қуатты мұнай бұрқағын бригадада Найзабек Толтырбаев, Сайлаубай Смағұлов, Ермұхан Таужанов, Бисенғали Бәжіков, Сабыр Бисенов, Жолдас Тоқжанов, Санатбай Масатов, Кенебай Тұрмағанбетов, Қайып Азанбаев және тағы да басқа азаматтар ауыздықтады. Ұңғының ішіндегі ең қою әрі салмағы ауыр ерітіндіні шығарып, орнына су айдау керек болатын. Судың меншікті салмағы аз болғандықтан мұнай бұрқағы атқылады. Мұнара мұнайға шомылған, айналада қара май шылқып жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Майды маңдайымызға тигізіп, бетімізді жуып, мәре-сәре болдық. Найзабекті басшылыққа, жан-жаққа, жергілікті халыққа жақсы жаңалықты жеткізуге жұмсады. Мұнай барлау алаңынан 600-700 метр жерде қоныстанған халыққа абай отыруды ескерттік. Халық атпен, түйемен келіп көріп қуанып жатты. Бұрын естісек те көзіміз көрмеген ырыс елдің еңсесін көтеріп, халықтың тұрмысын түзеді, – деп 55 жыл бұрынғы ел өміріндегі елеулі оқиғаны әңгімеледі.
Әзірбайжан мен Ресейден апат бригадалары келіп жеткенше үш күн, үш түн бойы арпалысқан жергілікті бұрғышылар (бірді-екілі өзге ұлттар болмаса, басым көпшілігі қазақтар) аса қуатты бұрқақты бітеді. Мұнай бұрқағынан 3 күн бойы атқылаған «қара алтынның» көлемі 3 мың тоннаға жетіпті. Кейін басқа жақтан келген мамандар маңғыстаулық бұрғышылардың біліктілігі мен тәжірибесіне қайран қалыпты. Мұнай кенішін іздестіруде із қалдырған бұрғышылардың толағай табысы Жетібайдың атын көпке танымал етті. Ел қазынасын еселеп, биіктен көріне білген барлаушылардың есімі Маңғыстау мұнайының тарихында жазылды.
Қазыналы өлкенің қойнауынан «қара алтынның» тынысын ашқан Нұрмұхан Қанатбаев өңірде мұнай- газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, бірнеше мәрте Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай Алғыс хатпен, «Маңғыстаумұнай мұнайына-50 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне -10 жыл», «Маңғыстау облысына -40 жыл», «Геологиядағы зор еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жетібайда еңбек жолын бастап, түбек мұнайын түлеткен Нұрмұхан аға 2004 жылы«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасынан зейнеткерлікке шықты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Ербол Айтбаев