Халықаралық сарапшылар тобының Маңғыстау өңіріндегі Үстірт мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне іліктіру бойынша аянбай жұмыстанып жатқанына бірнеше жыл болды. Мәселенің маңыздылығы соншалық, ағымдағы жылы Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен осы түйткілді мәселені жан-жақты талқылау үшін Маңғыстауда жұмыс тобы құрылды. Комиссия кеңесі өтті, алайда қоғам үні әлі де анық емес.
Үстіртті таңдаудың себебі неде? 40 пайызы Маңғыстау өлкесінің аумағында орналасқан Үстірт шоқысы қызықты палеонтологиялық нысандармен белгілі: онда миллиондаған жылдар бұрын Тетис мұхитында өмір сүрген, бүгінде тасқа айналған акула тістері, ұлу қабыршақтары, теңіз кірпілерінің қабықтары, балық, киттердің сүйектері бар. Түпқараған түбегінің Жығылған мүйісінде гиппариондық фауна өкілдері – жануарлардың тасқа айналған ерекше, теңдессіз іздері табылды. Ғасырлар бойы Үстірт өркениеттің торабы болып, көптеген халықтардың іздерін, таңбасын көз қарашығындай сақтаған екен. Сәулетті кесене-мазарлар, ортағасырлық қорықтармен бірге Үстіртте мұсылман қауымы үшін қасиетті де киелі жерлер аз емес. Оның ішінде ең танымалы – жыл сайын мыңдаған жандардың баратын жерасты Бекет-ата мешіті.
Бүгінде ҚР Үкіметі жаһандық экологиялық қормен тізе қосып, Үстірт қорығының аумағын кеңейту бойынша жоба құрып, жүзеге асырмақ. Жоба тапсырмасына сәйкес, қорық аймағы 223 342 гектардан 927 350 гектарға ұлғаюы қажет. Сондай-ақ оның құрамына Маңғыстау облысына тән негізгі экожүйелер енуі тиіс. Бұл халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енген, ерекше қорғалған ителгі, жорға дуадақ, қарақұс, дала қыраны, жұртшы, тазқара, дала күйкентайы, қарақұйрық және т.б. жануарлардың негізгі мекендерін сақтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сарапшылар сөзінше, Үстірт қорығы критериялардың қосындысы бойынша әлемдік маңыздылығы жағынан жоғары дәрежеде тұр, оның жоспарлы кеңейту, дамуынан соң ЮНЕСКО әлемдік мұра тізімінің нысан мәртебесін иеленуі әбден мүмкін.
ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссия жанындағы әлемдік мұра ұлттық комитетінің хатшысы Маджер Масановтың ойынша, Үстірт қорығы адамзат үшін табиғи және мәдени маңызы бар мұра болып табылады. Аталмыш нысан ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне (табиғи және мәдени мұра) аралас нысан ретінде енуге әлеуеті мол. Бұл мақсатқа қол жеткізсек, ол ТМД елдері аумағындағы алғашқы аралас мұра нысаны болмақ.
2015 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм және саяхат саласындағы бәсекеге қабілеттілік бойынша рейтінгісіне сәйкес, Қазақстан 141 елдер арасында 85-орында тұрғанын атап өтсек, артық болмас. 2012 жылғы рейтингте Қазақстан 88-орында орналасқан еді.
-Үстірт мемлекеттік табиғи қорығын аймағын кеңейтіп, ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, ел туризміне, өңірдің тұрақты дамуына тың серпіліс әкелеміз,-дейді «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымның директоры Кирилл Осин.
Алайда қорықтың кеңеюіне және ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне іліктіруіне «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания» АҚ-тың Үстірт қорығының оңтүстік шекарасына жақын орналасқан Қансу газ кен орнын игеру бойынша жоспарлары үлкен кедергі болып тұр.
-Бұл қорықтың экожүйесіне, кеңейту және әлемдік мұра тізіміне енуіне орасан зиян тигізетіне белгілі. Кен орынның ифрақұрылымы дамуының нәтижесінде орын алатын қуатты факторлардың салдарынан кем дегенде қорықтың оңтүстік жартысы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген жануарларға мекен етуге жарамсыз жер болып қалуы ықтимал. Үстірт қорығының айналасындағы аймағы түрлі компаниялармен көмірсутек шығару мақсатында кейінгі сақталғаны бізді алаңдатады. Бұндай жоспарларды жүзеге асыру – қорықты құрту, жою,-деді «Дронт» экологиялық орталық жанындағы қосмекенділер мен жорғалаушыларды қорғау ұйымының үйлестірушісі, б.ғ.к. Марка Пестова.
Қоғамдық экологтардың тағы бір толғандыратын түйткілді мәселесі – газ кен орнын игеру салдарынан қоршаған ортаға тиетін зиян-зардабы.
-Газ кен орнын игерудің заманауи әдістері өзгермейінше, қоршаған ортаға зиянды әсерін тоқтату, алдын алу мүмкін емес. Сондықтан газ шығарудың жаңа технологиясы, әдістемесі пайда болмағанша, Қансуды тоқтатқан жөн деп ойлаймын,-деді «Облыстық Қарағанды экологиялық мұражайы» ҚС сарапшысы Юлия Калмыкова.
Экономика мен әлеуметтік саланы өрлету мақсатында көмірсутек шикізатын шығару және мұнай-газ кешенін дамыту маңызын, қажеттілігін түсіне отырып, сарапшылар Қансу кен орнын игеру және барлауына мораторий қойып, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығынан алшақ орналасқан Самтыр кен орнын игеру мен барлауға күш жұмсаған абзал деп есептейді. Аталмыш кен орнын игеру аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге септесіп, сондай-ақ экологиялық заңнамаларды берік ұстану арқылы қорықтың экожүйелеріне аса қауіпті әсер етпейді.
Халықаралық және отандық сарапшылар бұл көкейкесті мәселеге немкетті қарамай, бір ымыралы шешімге келуін сұрауда. Себебі, ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне Маңғыстау өңіріндегі табиғи байлықты іліктіру алдағы жылдары сәтті аяқталады деген үміт зор. Расымен де, ертеңгі ұрпаққа мирас болар қазынаны, туризмнің дамуына тың серпінді өзіміз бағаламасақ, өзгеден не күтеміз?!
Дайындаған – Ханым ҚУАТ