Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.
- Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Бұл біздің үлкен байлығымыз. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына, оның өңірдегі геосаяси рөлін жоғарылату үшін көп жұмыс істедік. Бізді өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіндегі жауапты әрі қалаулы халықаралық әріптес ретінде дүниежүзі таниды, - деп бастады биылғы Жолдауды Елбасы.
Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев барлық саланы кеңінен айтып, атқарылатын жұмыстарға сәйкес тапсырмалар берді. Соның ішінде білім бағытына көбірек тоқталды.
Елбасы білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделу керектігін атап өтті. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды деді. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ білім саласындағы өзекті мәселелерді айта отырып, осы бағытта атқарылар жұмыстардың тізімін тізді. Елбасы 2019-2021 жылдары білім берудің қолжетімділігін арттыруға республикалық бюджеттен 50 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Осы бөлінетін қаражат аясында үш ауысымды мектептер мен мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылады.
Жолдауда Елбасы ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру мақсатында Педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажет екендігін атады. Аталған құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Бұл құжат ұстаздар қауымын қуантты. Педагогика саласының қызметкері ретінде, әрине, бюджеттік сала өкілдерінің жалақысы 35%-ы өсетіні туралы жаңалық елең еткізді. Білім саласындағы реформалардың сапасына баса мән берілетіні өте маңызды шешім деп білемін. Мұғалім мәртебесін айқындайтын заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерін қарастырады. Ұстаздардың жүктемесі қысқартылып, қызметтен тыс тексерістерден арылса, өздерінің негізгі міндеттерін мүдірмей орындайтыны анық. Елбасы Жолдауында мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле беретінін дөп басып айтты. Барлық оң бастамаларды қолдап, берілген жұмыстарды бірге атқаруға шақырамын. Елбасы Жолдауы тың серпіліс береді, ол елдің баянды келешегіне деген сенім ұялатты. Ұстаздарды аталған жағымды жаңалықтарымен және келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Қойлыбай ҚАРАЖАНОВ, Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі