Елбасының кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы көңілімізді бір марқайтып тастады. Келер жылдың жоспары нақты бекітіліп, биылғы жылғы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын да бір шолып шықтық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұл жолғы жолдауы ерекше. Өйткені халықтың тұрмысын көтеріп, әл-ауқатын, материалдық жағын жақсартуға арналған жобалар елдің де экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Ал елдің экономикасы өзім секілді жеке кәсіпкер үшін аса маңызды.
Қазақстан Президенті кезекті жолдауында бизнесті дамытудың маңыздылығын сөз басында айтып өтті. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде отыз алтыншы орынға көтерілгенін де сүйіншілеп айтты. Бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету – әлемдік аренаға еркін шығудың бірден бір жолы екені бесенеден белгілі.
Иә, әркез Елбасының халыққа жолдауын аса жауапкершілікпен қабылдап, оны өз тарапымыздан жүзеге асыруға тырысып келеміз. Олардың әрқайсысы елдің экономикасын, инфрақұрылымын, сырты әрі ішкі саясатын күшейту, әлеуметтік салалардағы мәселелерді шешуде бағдаршам боп келе жатқаны жасырын емес.
«Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев жолдауында. Мемлекетке қолдау болып, көмек көрсетіп келе жатқан жеке кәсіпкерлер өте көп. Олар өздері қалаған жұмыспен айналысып, жұмыс орындарын құрып, қаншама адамның екі қолына бір күрек ұстатып әрі елді немес белгілі бір өңірді өз өнімімен, қызметімен қамтамасыз етіп жүр. Десе де кейде жеке кәсіпкерлерге заңсыз тексерулер мен қадағалаулар көбейіп, қысым арта түседі. Осы олқылықтың алдын алу үшін, мүлдем болдырмау мақсатында кешегі жоспарында Ұлт көшбасшысы «Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек» деген нақты тапсырма берді.
«Бизнесте өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын» деген Елбасы сөзі қанат бітірді. Кәсіпкерлер үшін салық айыппұлына кешірім беруін Елбасының қамқорлығы деп ұғамыз.
Дегенмен тек шағын және орта кәсіпкерлерді, әріптестерімді ғана емес, барлық азаматтарды салықты уақытында төлеуге, салықтан жалтармауға шақырамын. Кәсіпкерлер салық төлеуден қашып, көлеңкелі бизнестің өршуіне жол бермесе екен деген тілегім бар.
Мереке ДҮЙСЕНБАЕВ, Маңғыстау облыстық маслихатының депутаты, жеке кәсіпкер