©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы өтті.
Жиын барысында сөз алған облыс әкімі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен Елбасының халыққа жолдауы жөнінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады:
- Маңғыстау облысы 37 елмен экспортты-импорттық операция жүргізеді. Жыл басынан бері әлеуетті инвесторлармен келіссөздер орнатып, 6 меморандумға қол қойылды. Соның бірі - Біріккен Араб Әмірлігінің «DP World» трансұлттық компаниясымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын дамыту мақсатында, оны стратегиялық әріптес ретінде басқаруға қатысты жүргізілген кездесулер. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының барысында аталмыш компаниямен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының 49% акциясын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісімге келген болатын. Келісімге сәйкес «DP World» компаниясы арнайы экономикалық аймақты басқаруға қатысады. Бұл, өз кезегінде, Маңғыстау облысының халықаралық логистика тізбегіне енуіне, аталған компанияның көлік логистикасы саласындағы тәжірибесі мен озық технологияларын қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Ақтау портын одан әрі белсенді дамыту, басым бағыттар бойынша инвестициялар тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістер құруға қолайлы жағдай жасалады, - деп сөзін тәмамдады.
Ауыл шаруашылығын дамытуға, егін және мал өнімдерінің сапасын арттыруға «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд. теңге көлемінде субсидия бөлінді.
Сондай-ақ облыс әкімі 12 тамыз күні Ақтау қаласында өткізілетін Каспий маңы елдерінің 5-ші саммитіне дайындық жұмысына тоқталды. Халықаралық маңызы бар шараға Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан, Иран елдерінің президенттері келеді. Саммит барысында тарихи маңызы бар құжат қабылданады, ол – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция.
Сонымен қатар, «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» және «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі» автомобиль жолдарының құрылысын бастауға, Құрық портында 2,5 миллион тонна жүк паромын жөнелтуге старт беру шаралары өтеді. Теңіз жағалауын, «Жар асты жолдары» нысанын қайта жаңғырту, қаланы көгалдандыру, безендіру, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, облыс мектептерінде үш ауысыммен оқытуды болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңа оқу жылында сыйымдылығы 6300 орындық жаңа 9 мектеп пайдалануға беріледі. Биыл облыста 920 орындық 10 балабақша ашылса, жыл соңына дейін тағы 23 бөбекжай іске қосылады. Осылайша жыл аяғына дейін балабақшамен қамту көрсеткішін 100%-ке жеткізу күн тәртібінде.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулық мұғалімдер ерекше балалармен жұмыс жасауды үйренедіДенсаулық сақтау саласындағы келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында медицина мекемелері желісін кеңейту бойынша 23 медициналық ұйымдар үшін адам денсаулығындағы ақауларды ерте мерзімде анықтауды қамтамасыз ететін құны 1 млрд.теңге 16 заманауи УЗИ аппараттар сатып алынады. Облыс орталығындағы "Ана мен бала" өңірлік орталығының құрылысы аяқталады.
«Жасыл экономика» элементтерін енгізу бойынша облыста бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл орайда, жеке инвестор қаржысына Мұнайлы ауданының Батыр ауылында қуаты 2 МВт күн электр станциясының құрылысы (құны 1,2 млрд. теңге 10 жұмыс орны, мердігер - «Бест Групп НС» ЖШС) аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өту қажет.
Осы инвестордың қатысуымен 2-жартыжылдықта қуаты 5 МВт жел электр станциясы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында пайдалануға беріледі. Түпқараған ауданында инвестициялық құны 60 млн. АҚШ долларын құрайтын қуаты 42 МВт тағы бір жел электр станциясын салуға шетелдік инвесторлармен меморандумға қол қойылды. Жобада әрқайсысы 2,5 МВт болатын 17 жел генераторын қондыру қарастырылған. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады.
Жиын барысында облыс аумағындағы әлеуметтік мәселелер мен халыққа тиімді жағдай жасау бағытында атқарылар істер талқыланды. Жыл басынан бері көптеген жобалар жүзінде Маңғыстау облысына 256 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Медицина саласында ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету қолға алынып, цифрлы технология негізінде қызмет көрсету уақыты тиімділік тудырып, халықтың 91%-ы денсаулық сақтау бойынша электронды паспортпен жасақталды.
Мадияр ТӨЛЕУОВ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН