Қай заманда болсын, елдің әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту үшін атымтай жомарт адамдардың өмір сүргені белгілі. Мұндай қайырымды жандар қазіргі уақытта да аз емес. Бүгінгі күн жүрегі кең, ақкөңіл азаматтарға арналды. Біздің дәуірде мұндай жандарды меценаттар деп атап жүр.
Сонымен бүгін Ақтаудағы «Nur Plaza» қонақүйінде Маңғыстаудың меценаттарын ұлықтау мақсатында тұңғыш рет «Туған жерге тағзым» атты форум өтті. 2017 жылда маңдай терімен тапқан еңбегінен барлығы шамамен 43 миллиард теңге шамасында қаражат бөлген азаматтардың игі істері қонақтарға таныстырылды.
https://youtu.be/2_duNso4qpM- Биылғы жылы облыс бюджетіне шамамен 170 миллиард шамасында қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, меценаттар ел игілігі үшін 43 миллиард теңге өз қаражаттарынан жұмсап отыр! Бұл – үлкен ерлік! Қайырымдылық іс жасаған меценаттар кейде аттарын атамауды жөн көріп жатады. Бұл – сауап қалсаң, ешкімге жария қылма деген қазақтың әдемі ілтипатының бір көрінісі. Бірақ біз өзгелерге, өсіп келе жатқан жастарға үлгі болу үшін тұтас елге насихаттауға тиістіміз, - деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов.
Деректерге көз жүгіртсек, биыл облыстағы 100 меценаттың демеушілігімен 110 жобаға жалпы сомасы 43 млрд. 699 млн. теңге жұмсалған. Олардың 16-сы салауатты өмір салтын қалыптастыру мен өңірлік спортты дамытуға бағытталған. «Қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша 4 жоба іске асып, «Жақыныңа жәрдемдес» жобасы бойынша 8 қайырымдылық шара өткен. «Білім қазына» бағытында 18 іс-шара ұйымдастырылды. Ал, мәдениет пен өнерді дамытуға арналған 4 жоба жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау саласында да келелі жұмыстар қолға алынды. 2017 жылдың өзінде аталмыш бағыт бойынша 22 жоба демеушілердің қаржысымен іске асты. Бұдан басқа бағыттар бойынша 38 іс-шара өткен.
https://youtu.be/6HKQOFWoLucӘлеуметтік жобалар аукционға түсті
Меценаттардың марапатынан соң, алдағы жылы өңірде салынатын жалпыға ортақ спорт, өнер нысандары мен жаңа жұмыс орындары, яғни әлеуметтік жобалар аукционға түсті.
Аукционға 7 жоба ұсынылды. Атап айтсақ, Мұнайлы ауданында спортзал кешенін салу жобасы сатылымға түсті. Жобаның жалпы құны – 516 миллион 292 мың теңге. Сондай-ақ, Инвестиция көлемі 250 млн. теңге қаражат болатын Түпқараған ауданындағы спорт кешенін салу жобасы аукционға түсті. Ақтау қаласында 80 млн. теңгелік құны бар Абай Құнанбаев пен Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші 2018 жылы бой көтермек. Ескерткіштерді облыс орталығында орнату үшін 80 млн теңге көлемінде қаржы керек. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өр ақын мен Сұлтан Бейбарыстай ханның рөлін сомдаған әйгілі актерге Ақтаудың төрінен ескерткіш орнатылып жатса, өлке халқының рухын бір көтеріп тастаған болар еді. Жобаны ұтып алған азаматтарға қала және аудан әкімдері салтанатты түрде құжатын табыстады.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44186,44187,44188,44189,44190,44194,44193,44192"]