©
- Ауыл шаруашылығы қарқыны қалай? Аудан бойынша бұл салада қанша шаруашылық бар?
- Ауылшаруашылық саласы ауданымызда екі бағытта: мал және егін шаруашылығы бағытында дамуда. Жылдан-жылға бұл маңызды саланы дамыту мақсатында қолдау күшейіп, бәсекеге қабілеттілігі өсуде. Түпқараған ауданында үш ірі ЖШС-мен бірге 157 ауылшаруашылық қожалықтары жұмыс жасайды.
2017 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мал басы саны қой - 34814, ешкі - 12973, сиыр - 1969, жылқы - 9132, түйе - 6164, құс - 1856, барлығы - 66908 бас мал есепке алынған. Сонымен қатар қазіргі таңда Түпқараған ауданы бойынша 4 (төрт) асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген («Таушық ауылшаруашылығы» ЖШС, «Қараған Түбек» ЖШС, «Байболат»ШҚ, «Алтынай» ШҚ). «Таушық ауылшаруашылығы» ЖШС негізінде түйе малын өсірумен айналысады, ет-сүт, шұбат өнімдерін өндіреді. 150 бас асыл тұқымды аруана түйесін сатып алуды жоспарлауда. Серіктестік жанынан түйе жүнін өңдейтін цех жұмыс жасайды, онда киіз, көрпе, жастық, төсек-көрпе т.б. бұйымдарды шығарады.
«Қараған Түбек» ЖШС жұмыс қарқынынан биыл жаңа серпіліс нышаны байқалуда, 207 бас мүйізді ірі қара, 250 бас жылқы, 70 бас түйе малдарын сатып алуда. «Нұрқабай» жерінен 207 бас мүйізді ірі қара малына арнап қора салынды және «Қаңға» жерінен тоқ тарту жұмыстары мен бірге Сайын елдімекенінен мал сою пункті мен ет өңдеу цехын салуды жоспарлауда.
2017 жылы аудан бойынша 276,97 га жерге егін егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылғы егілген егістік көлемінен 70,07 га жерге артық. Жалпы аудан бойынша егін «Қараған Түбек» ЖШС-нің «Саубет» жерінде, Форт-Шевченко қаласының «Қошанай» жерінде және «Таушық ауылшаруашылығы» ЖШС-нің «Даныспан» жерлерінде егіледі. Егін егуші 30 шаруа қожалығына 50 пайыздық жеңілдікпен 94,1 тонна тыңайтқыш алуға 3 199 400 теңге субсидия берілді. Үстіміздегі жылы жалпы 37 шаруа қожалығында егін егілді,бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 4 шаруа қожалығына артық. Осы жылы егін саласында субсидия тек қана жылыжай өндірушілеріне ғана қаралғандықтан 3 жылы жайдағы 1,4522 га жерге егілген көкөністерге 1-айналым кезеңінде 2 996 600 теңге субсидия берілді. 2-айналымға 0,275 га қосымша тағы екі жылыжай қосылады деп жоспарлануда. Егілген бақша,көкөніс өнімдерінен 2016 жылы 4345 тн өнім алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 143,7 тн-ға артық .
- Өсім қарқыны байқалады екен. Өнім көрсеткіші де артық. Шаруаларды ынталандыру үшін суландыру жұмыстары, құдық қазу бағытында, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша не айтар едіңіз?
- Суландыру, құдық қазу бойынша жұмыстар жасалуда. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының аясында жайылымдық жерлерді суландыру бойынша 80 пайыздық жеңілдікпен 2016 жылы 26 құдық қазылса, 2017 жылы 11 құдық қазылды.
Ауыларуашылғы бойынша өнім өндіруде жаңалық баршылық. Сайын елді мекенінде «Ағарған» ЖШС түйе сүтін өңдейтін «Сүт өндіру зауытын» ашады деп күтілуде. Қуаттылығы 8 тонна сүт қабылдап, құтыға құйып шығарады. Сонымен қатар көршілес аудандарданда түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашады. Сүтті қабылдау бағасы сүттің майлылығына байланысты мысалы: (майлылығы 4% - 400 теңге, 5 % болса - 500 теңге). Құтыларға түйе, сиыр, жылқы сүттерін пастерлеу технологиясымен дайындау және сүт негізінде айран, йогурт, қаймақ өнімдері өндірілмек. Голландиялық технология әдісімен ірімшік дайындауды да қолға алмақ.
Биыл Ақшұқыр елді мекенінің «Бегей» жерінде «Тетис» ЖШС 3 (үш мың) гектарлық, Қызылөзен, Ақшұқыр елді мекендерінен 2 (екі) жеке кәсіпкер 500 гектар жылыжайларды іске қосуға жұмыстануда.
Ақшұқыр елді мекенінің «Қалың арбат» жерінде «Ақтауагро» ЖШС 1 800 000 тауық өсіретін өндірістің құрылыс кешені салынуда. Кейіннен тауық соятын цех, инкубатор және жем-шөп цехтарын салмақшы. 2018 жылы пайдалануға қосуды жоспарлауда.
- Егіс жайы, балық аулау шаруашылығы жөнінде не айтасыз?
- Аудан бойынша қысқа дайындық шаралары іске асырылуда. Бүгінгі күнге 3 ЖШС мен 1 шаруа қожалығы 1230 тонна пішен дайындады. Қызылөзен ауылының жеке кәсіпкер Таңбай Ғалым өз есебінен ауылдағы 20 зейнеткерге 12 түк шөп және аз қамтылған отбасыларына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыратындығын атап айтқымыз келеді.
Үстіміздегі жылдың 9 айына аудан бойынша тіркелген 14 балық аулау шаруашылықтары балық аулады. Олардын 9 айдағы балық аулау лимиті 1354,3 тн, аулау квотасы 943,6 тн ал нақты ауланғаны 512,715 тн болып отыр.
- Ветстанция жұмыс істейтінін білеміз. Жұмысы қалай жүруде?
- «Түпқараған аудандық ветеринариялық станциясы» МКМ-сінің құрамына 4 (төрт) селолық ветеринариялық пункттер кіреді. Олардың басты міндеттері барлық мал түрлеріне профилактикалық аса жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізу, диагностикалық зерттеу жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізу және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру шараларын уақытында іске асырып, базадағы малдардың шығыстау жұмыстарын жүргізіп, ветеринариялық жұмыстарды жүргізуге бөлінген бюджет қаражатын тиімді, мақсатты пайдалану да бөлімнің негізгі жұмыс бөліністеріне кіреді.
- Ауыл шаруашылығын қолдау бағытында елде түрлі бағдараламалар жұмыс жасайды. Ол бағытта қандай жұмыстар үйлестірілуде?
- 2015 жылдың 29 қазанында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заңға қол қойған болатын. 2016 жылдың 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа заң ауылшаруашылығын дамытуды жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде. Әлемдегі көптеген елдердің халық шаруашылығына қатысты салалардың барлығында кооперация кеңінен тарағандығын, шетелдердегі кооператив құру тәжірибелері туралы айта келіп, өз кезегінде келіп отырған ауыл шаруашылық кооперативтерін құру мәселесіне қосымша. Біздерде шаруа қожалықтары бірігіп, кооператив құру мүмкіндіктеріңіз бар. Заңға сәйкес мал басын не егін егетін жер көлемін жетістіру үшін біріккен шаруашылық иелігіндегі мал басын, не жерлерін қосып, беріліп отырған бар мүмкіндікті пайдалануға болатындығын аудан тұрғындарының қаперіне бергіміз келеді. Ауыл шаруашылығын дамытуда қаралып отырған барлық жеңілдіктерді бар мүмкіндіктерінше пайдаланып, жүзеге асыру үшін қызмет ететін боламыз.
2017 жылы мал шаруашылығы саласына «Маңғыстауагросервис» ЖШС-нен «Таушық ауылшаруашылығы» ЖШС-не 515 бас тоқты сатып алуға 12 862 920 теңге, «Аулет» ШҚ –на ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға – 3 628 715 теңге, «Берекет» ШҚ 3 136 000 теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ арқылы екі шаруа қожалығына мал сатып алу үшін 7 500 000 теңге несие алынса. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан аудан бойынша мал сатып алу үшін екі жеке кәсіпкерге 7 500 000 теңге несие берілді.
- Сұқбатыңызыға рақмет!
Сұқбатты әзірлеген Жадыра ЖОЛДАСОВА