Ауыл әкімдерінің дербес бюджеті барлығында емес, халық саны 2000 көрсеткіштен асатын елдімекендердің әкімші аппараттарында болады. Ауылдардың әкімдері салық және салықтық емес түсімдерді жинап, елді мекеннің түрлі проблемаларын тұрғындармен кеңесіп шешетін болады. Бұндай дербес бюджет республика бойынша 1066 ауылда болса, оған біздің ауданның Форт-Шевченко қаласы, Таушық, Сайын, Баутин және Ақшұқыр ауылдары кірісетін болады.
Биыл шілдеде қабылданған "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы азаматтар белсенділігін арттыруды көздейді. Онда ауыл тұрғындарынан түсетін 6 салық түрі ауыл бюджетіне құйылып, ауыл тұрғындарымен бірлесе кеңесуімен ауылдың көркеюіне, дамуына жұмсалатыны айтылған. Қарапайым ауыл тұрғындарына жаңа жылдан бастап өздері төлеген салықтың қайда жұмсалатынын қадағалау мүмкіндігі беріліп отыр деген сөз. Бүкіл халық болып бір ортаға тоғысатын ой керек болатыны тағы бар. Сондықтан ауылдық жерлерде тұрғындар атынан сайланған қоғамдастықтар жұмыс жасап, бұл қаржының дұрыс жұмсалуына сол қоғамдастық басшылық жасай алады екен.
Бұрын болып көрмеген жаңа реформаның жүзеге асуына көп дайындықтар, жиын отырыстары өткізілді. Ондай жиындарды біздің ауданымызда ұйымдастырушы Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі Ақшұқыр, Баутин ауылдары және Форт-Шевченко қаласында құрылған қоғамдастық мүшелерімен 7 рет кездесу ұйымдастырып, соның нәтижесінде өзекті мәселелерді талқылау үшін 28 қараша күні аудан орталығында тағы кеңесу отырысын өткізді. Онда аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев бюджеттің төртінші деңгейіне өтуге аудан бойынша дайындығын айтты. Одан бөлек ҚР экономика министрлігінің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Б. Қалабаев, ауылдардың инклюзивті даму жоспарын жасақтау жобасы бойынша аймақтық сарапшысы Ж. Маханбетова, Жетібай ауылының әкімі Қ. Асанов сөз сөйледі.
Осыған дейін ауылдарда өткен жиын қорытындысын баяндаған жобаның аймақтық сарапшысы Ж. Маханбетова кейбір ауылдарда қоғамдастық мүшелерінің құрамын қайта қарастыру керектігін айтты. Себебі бұндай құрамға ауыл жағдайын жақсы білетін, білімді, көп жыл еңбек өтілі бар мамандар мен ауыл кәсіпкерлерінің, ақсақалдардың, белсенді тұрғындардың мүшелікке өткені жақсы деді. Себебі белсенділігі төмен азаматтың кейбір мәселелерді шешуде белсенділік таныта алмауы қоғамдастық жұмысына кері әсер етуі мүмкін деген пікірін білдірді. Ауылдарда жүріп жатқан қайта санақ нәтижесінің жаңа базаға енгізілуі, одан бөлек ауылдарда білікті кадр тапшылығы, мемлекеттік қызметкерлердің аздығы жұмысты қиындатуына әсері жайы талқыланды.
Әзірше бұл жоба 2018 жылдан бастап 2000 тұрғыны бар ауылдарда жүзеге асса, Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сай 2020 жылдан бастап ел аумағындағы барлық ауылдардың дербес бюджеті болуы енгізілген. Жаңа бастама, жаңа жоба енуіне 1 айдай уақыт қалды. Алдағы желтоқсан айында аудандық мәслихат сессиясына ауылымыздың әкімдері 2018 жылға жоспарланған бюджетін ұсынып көреді. Қолдау тауып жатса, жаңа жылдың жаңалығы болатын ауыл бюджетінің болуы өз нәтижесін көрсетеді деген сенімдеміз.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Басты сурет Т. Құсайынның архивінен