«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» өкілдері және аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарының мәселесі тыңдалды.
Ауданда шағын бизнесті ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардан қалай жеңілдетілген несие алып, бастаған істі өрге дөңгелету тетіктерін түсіндірді. Сондай-ақ аталған жобаның ерекшеліктерін жеткізді.
Бұл жоба жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетуге және ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осы мақсатта өзіне сенімді, мақсаты айқын, азамат шарты төмендетілген мөлшерлемемен шағын несиеге қол жеткізе алады. Алайда қарапайым азаматтарға тиімді жоба әлі де кеңінен түсіндіруді қажет етеді. Сондықтан жұмыспен қамту орталығының маманы С. Даулетова түсіндіру жұмыстарын күшейте беретіндіктерін жеткізді. Ауданға ат басын тіреген мамандарға несие алушылар толғандырған сауалдарын қойып, оған нақты жауаптар алды.
- Біз қазір 6 млн теңгеге дейін несие берудеміз. Қазіргі таңда бізге «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы осы ауданнан 19 адам өтініш білдірді. Олардың көбісі мал шаруашылығын ұйымдастыруға ниетті, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының кредит-менеджері Салима Ізімбергенова.
Жадыра ЖОЛДАСОВА