Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күнделікті қызметінде сан салалы кәсіппен танысып, мамандықтың қыр-сырына үңіліп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Дүбірлі дүниенің әр шалғайында болып жатқан жағымды, жағымсыз ақпараттар, еліміздің әр өңіріндегі елең еткізерлік хабарлар, тарихи- танымдық шаралар, мәдениет пен өркениет жауһарлары, бәрі- бәрі фотоаппараттың кадрында, қаламның ұшында. Бір күні мұғалім, енді бір күні дәрігер немесе мұнайшы, өрт сөндіруші, спортшының қызметімен танысып қана қоймай, тұшынып халыққа жеткізетін сала мамандары осы жолы әскери теңізшілердің бір күнін бастан өткерді.
Әскери-теңіз күшінің өткені мен бүгіні
Облыстық және республикалық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры Ақтау қаласындағы 29011 әскери гарнизонындағы мұражайды таныстырудан басталды. Мұражай қорында әскери теңізшілердің жұмыс барысында қолданатын құрал- жабдықтары, киімдердің, бас киімдердің, шендердің, Кеңес Одағы кезіндегі әскери билеттің, ерлік үшін берілетін марапаттар мен төсбелгілердің үлгілері, мамандардың спорттық жарыстардан иеленген жүлделері, шет мемлекеттерден әкелінген естелік сыйлықтар бар. Сондай-ақ қазіргі қарулы күштер мен өткен ғасырды ұштастыратын, тарихи сабақтастығын сипаттайтын жәдігерлер қойылған. Мұражайды таныстырып шыққан 29011 әскери гарнизонының материалдық- техникалық қамтамасыз ету батальонының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Ғани Тыныштықұлы бұл ғимарат 2011 жылға дейін әскери- теңіз училищесі, институты болғанын, кейін мұнда оқыған курсант жігіттер бүгінде майор, капитан, кеме басшылары және тағы басқа әртүрлі шенді қызмет атқарып жүргенін жеткізді. Аталған әскери горнизонның акт залына жиналған БАҚ өкілдеріне елімізде әскери-теңіз күштерінің құрылуы, қалыптасуы, қол жеткен жетістіктері жайында деректі фильм көрсетілді.
–Құрметті, БАҚ өкілдері! Баспасөз турына қош келдіңіздер! 1993 жылдың сәуір айында Елбасы, Қарулы күштердің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан Республикасы Қарулы күштері құрамында Әскери- теңіз күштері құрылсын» деген Жарлығы әскерилердің жігерін жанып, еңбек етуіне құлшыныс берді. Бұл жұмысқа Кеңес Одағы кезінде Әскери- теңіз күштерінде қызмет етіп тәжірибе жинақтаған, сондай-ақ осы салада әскери білім алған мамандар тартыла бастады. Кейін елімізде кадр дайындау қолға алынып, Ақтауда әскери-теңіз училищесі, екі жылдан кейін оқу орны институт деңгейіне көтерілді. Оралдағы «Зенит» зауыты отандық кемелерді құрастыруға кірісті. Нәтижесінде күзет кемелері, жүрдек қайықтар, катерлер теңізге түсірілді. Қазіргі Әскери- теңіз күштерінің дамуында мамандар дайындау, заманауи қару- жарақпен қамту бағытына басымдық берілген. Кадрлар АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай және тағы басқа елдерде дайындалады. Әскери теңізшілеріміз Түркия, Корея, Германия, Пәкстан, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттерінде білімін жетілдіріп, тәжірибе шыңдайды. Тәуелсіз Қазақстанның Әскери- теңіз күштерінің негізгі әскери қимыл аудандары – Каспий теңізінің шекара аймақтары. Алдағы уақытта қару- жарағы қолданыстағы су көліктерінен бірнеше есе артық, су ығыстыру салмағы басым алып кемелер құрастыруды жоспарлап отырмыз. Ірі реформалар мен ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қорғаныс саласының әлеуеті артып, айтарлықтай даму мен ілгерілеуге қол жеткізді, – деді ҚР Әскери- теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр- адмирал Жандарбек Жанұзақов.
Журналистер от пен судың ортасында
Әскери- теңіз күштері жеке құрамының тәрбие және әлеуметтік- құқықтық сабақтары мен жауынгерлік оқу-жаттығуларына баса мән береді. Көрсем, білсем, халыққа жеткізсем деп жүретін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері баспасөз турында Ақтау қаласындағы 29011 әскери гарнизонының аумағындағы мамандар кәсіби біліктілігін жетілдіретін «Төзімділік үшін күрес» оқу- жаттығу стансасына аялдады.
Осыдан 5 жыл бұрын отандық «Зенит» зауыты жасап шығарған бұл оқу- жаттығу орталығындағы алғашқы кеңсеге кіргенімізде мамандар қауіпсіздік нұсқаулығымен таныстырып өтті. Шағын стансаның ішінде киім ауыстыру бөлмесі, одан кейін от пен судан қорғану бөлімдері орналасыпты. Мұнда әскери теңізшілер көк айдын үстінде кемеден өрт шыққандағы немесе кеме тесілгендегі төтенше жағдайға дайын болуға, аз уақыт ішінде тілсіз жаудың бетін қайтаруға машықтанады. Маманның нұсқауымен тілшілер, бейнеоператорлар және фототілшілер екі топқа бөлініп, бірі «отқа», екіншісі «суға» түсетін болып келісті. Өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін киіп, құрал- жабдығын ұстаған БАҚ өкілдері жайлаған өрттің жалынын өршітпей дер кезінде ауыздықтап үлгерді. Барлық ережелерді сақтап, сыннан сүрінбей өткен өрт сөндіруші кейпіндегі әріптестеріміздің іс- әрекетін арнайы терезеден бақылап тұрдық. Су өткізбейтін арнайы киімдерді киіп жаттығуға дайын тұрған біздер кеменің су кірген бөлігіне кірдік. Алғашында толассыз екпінмен атқылаған судың бетін қайтаруға шамамыз келмей, аңтарылып қалдық. Мамандардың көмегімен кеме қорындағы әртүрлі өлшемде алдын ала дайындалып қойылған ағаштармен, тұрбалармен тесіктерді бітеп, бетін қайтардық. Бұл тапсырманы орындауға 10-15 минуттай уақыт кетті. Алайда әскери- теңізшілер кеме теңізге батып кетпес үшін бұл істі бұлжытпай 4-5 минуттың ішінде атқарып шығуы тиіс.
–Біз арнайы ауыр киімдерді киіп, баллон көтеріп кіргенімізше тұтанған өрт лезде кеме ішін жайлап кеткен екен. Қою түтін мен аптап ыстықта әрекет етіп, өртпен арпалыстық. Шапшаңдықты, төзімділікті қажет ететін бұл қиынды 10 минуттың ішінде еңсердік. Бір сәт әскери теңізшінің қызметінде кездесетін бұл жағдайдың қалай болатынын көзбен көріп, қалай қорғанатынын бір сәт сезіндік. Мамандықтың әрбіреуі әртүрлі. Әрқайсысының өз қиындығы бар. Соның ішінде әскери теңізшілерге жүктелетін міндет пен жауапкершілік зор екеніне көзім жетті, – деді «24 хабар» республикалық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Талғат Әділ.
Әскери кемеге алғаш мінгенде...
Баспасөз турына қатысушылар тамақтанып болғаннан кейін түс ауа 1 шағынаудандағы жағалауға жол тартты. Мұнда алдымен бақылауға арналған мобильді стансаның қызметі таныстырылды. Каспий теңізінің қазақстандық секторының қауіпсіздігін қадағалайтын бұл стансадағы 5,55 метр антенна жағалаудан 20 теңіз миліне дейінгі қашықтықтағы құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік береді.
Біз әскери теңізшілердің 20 келіден астам акваланг киімін киіп, тыныс алу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жауынгерлік тапсырманы орындап көрдік. Ақжал толқындармен арпалысып, ескекті қайықпен жүзіп, катерге де міндік. Теңіз үстінен Ақтау қаласының сыртқы көрінісін тамашалап, көз тоймас көркіне тамсандық. Танымдық бағыттағы сапарымыз «Ақтау халықаралық теңіз сауда портында жалғасып, теңіз жағалауында бізді күтіп тұрған «Өжет» зымыранды- артиллериялық кемесіне және «Алатау» мина- тартқыш кемесіне бөлініп мініп, ашық теңізге шықтық. Осы жылдың маусым айында салтанатты түрде туы көтерілген «Алатау» кемесінің экипажында 22 теңізші қызмет етеді.
–Бұл кеме 2015 жылы Ресейдің Санкт- Петербург қаласында жасалған. Толықтай озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған кемедегі кастер құрылғысы миналарды тауып, құрылысын сипаттағаннан кейін жарады. Мұнда үш тілді жетік меңгерген, білімді, білікті 22 экипаж мүшесі берілген тапсырмаларды жылдың мезгіліне қарамай, уақытпен санаспай орындайды. Дәл қазір біз жағадан 2 теңіз миліндей қашықтықта тұрмыз.Теңіз үстінде ең ұзақ уақыт 5 күндей жүрдік. К-1,К-2, С-2 тапсырмаларын орындағаннан кейін бұдан да алысқа сапар шегеміз, – деді жауынгерлік командир Есбол Әбілқайыров.
Кеме үстінде тұрып теңіздің таза ауасымен тыныстап, жұмыстан біраз сергіп қалдық. Сол сәтте Ақын Төлеген Айбергеновтың –Теңізге мынау қарашы, Жетпейді көздің шарасы. Кеткендей боп тұр астасып, Аспан мен жердің арасы, – деген өлеңі ойға оралды.
Апталап, айлап үй көрмей, үнемі теңіз төрінен табылатын теңізшілердің еш жерде жазылмаған дәстүрі мен заңы бар екен. Мәселен, әскери кемеге алғаш мінген адам 1 тостақан теңіз суын ішіп, «теңізші» дәстүрін орындауы тиіс. Кеме капитанының нұсқауымен барлығымыз қаз-қатар тізіліп, кезегіміз келгенде өмірбаянымызды қысқаша баяндап, теңіз суын іштік. Жеке құрамның алдында намысқа тырысып, мөлдір, тұзды суды сіміріп алдық. ҚР Әскери- теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр- адмирал Жандарбек Жанұзақов пен әскери-теңіз базасының командирі, 1 дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков сыннан сүрінбей өткен тілшілерді құттықтап, «теңізші» куәлігін табыстады. Теңізшілер қызды болса экипаж мүшелері оны суға лақтырады, ал ұлды болса тиын жинап беретін дәстүр де қалыптасқан.
Еліміздің әскери- теңізшілері Әзірбайжан мемлекетінің Баку қаласында өтетін «Теңіз кубогі – 2017» халықаралық ойындарына қатысуға жолға шығып кетті. 21-шілде күні басталған бұл жарыста «Қазақстан» және «Сарыарқа» зымыранды- артиреллиялық кемелері ел намысын қорғауда.
Кешке дейін теңіздің салқын самалымен тыныстаған біздер алқызыл күннің шапағын тамашалап, суретке түсіп, мәз- мәйрам болдық. Көк айындағы ерекше саяхатымыз аяқталып, «Сая» демалыс орнындағы шипалы родон суына шомылып, табиғат аясында тамақтандық. Күн бата шетінен өнерлі әскери теңізшілер теңіз жағасында от жағып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне гитарамен ән салып берді. Баспасөз турының қорытындысында қатысушылар алған әсерімен, ойларымен бөлісті.
Сөйтіп, бір күндік баспасөз туры аясында көптің батылы бара бермейтін еліміздің шекарасының бүтіндігі мен халықтың тыныштығын күзетіп жүрген әскери теңізші мамандардың қызметіне тәнті болып, ерекше әсерге бөленіп қайттық.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ