Түркі тілдес халықтарда орныққан науша Наурыз мейрамы қызу еңбек қарқыны қалыптасқан Қаламқаста сән- салтанатымен тойланды. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық салт- дәстүріміз, ойындарымыз, әдет- ғұрыптарымыз әспеттелді. Орталық алаңда жағалай тігілген киіз үйлер, әдемі безендірілген сахна, ошаққа асылған қазан, кең жайылған дастархан мерекенің сән-салтанатын айшықтап тұр. Бұл күні ұлттық тағамдардан дәм татып, өнерпаздардың өнерін тамашалап, спорттық шараларға қатысқан Қаламқас мұнайшылары жаңа жыл басын мерекелік көңіл- күймен қарсы алды.
Шағын қазақы ауылдың көрікті бейнесіндей болған өндірістік аймақта мұнайшылар төс қағыстырып көрісіп, бір- бірін құттықтап, амандық сұрасты. Сахна төріне көтерілген қонақтар жиылған жұртшылықты құттықтап, ақжарма лебіздерін білдірді.
– Қадірлі мұнайшылар, мерекеге қатысушылар! Батыста 14- наурызда Амал мерекесінен бастау алатын Наурыз тойымен баршаңызды құттықтаймын! Жер асты байлығын халық игілігіне жаратуда жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын! Маңғыстау ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуына «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы, Қаламқас кенорны мол үлес қосып отыр. Әр жыл сайын бюджетке түсетін қаржы көлемі де артып келеді. Ел экономикасында жетекші рөл атқаратын компания ауданымыздағы әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына зор септігін тигізіп келеді. Ел ырысын еселеу жолындағы жұмыстарыңыз берекелі болсын! Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт- береке, бақыт пен молшылық әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!, – деді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров.
– Құрметті мұнайшылар, қонақтар! Ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа үндейтін Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Жылдың төрт мезгілінде төзімділік танытып, әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізген мұнайшылардың елеулі еңбегіне алғысымды айтамын. Қаламқас кенорны өткен жылды табысты қорытындылап, жарқын еңбектің үлгісін көрсетті. Кен орнының мұнайшылары компанияда өткен барлық шараларға белсене қатысып келеді. Алдағы уақытта қара алтынды өндіріп, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрген мұнайшылар алдағы уақытта барлық істерге біркісідей атсалысатынына сенімдімін. Елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық, татулық, бірлік тілеймін!, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.
Мерекелік тілекті жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлт пен ұлысты бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін мерекені тойлап жатқан қауымды Жаңа жылымен құттықтады. «Шадыман- шаттығымен баураған мереке елімізге тыныштық, бақ- береке әкелсін» деген тілегін жеткізді. Думанды мерекеде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов ырыс- ынтымағын, молшылығын ала келетін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жиылған қауымға амандық, дендеріне саулық, отбасыларына құт- береке тіледі. Маңғыстау ауданының ардагерлері атынан сөз сөйлеген Жамбыл Нәубетов ақжарма лебізін білдіріп, жиылған қауымға ақ батасын берді.
Ұлыстың ұлы күнінде өндірістің өркенін өсірген бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапатталды.
– Мен 2012 жылдан бері Қаламқас кен орнында химик болып жасаймын. Негізгі қызметім – мұнайдың химиялық құрамын тексеріп, қадағалау. Зертханада 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Бүгін еңбегім еленіп, басшылық тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталғаныма қуаныштымын. Барша әріптестерімді жаңа жыл басымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да осы еңбек қарқынын жалғастырып, өндірісті өрге домалататынымыз деген сенімдемін. Мереке құтты болсын!, – деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының ғылыми- зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химигі Ғазиз Байнөсеров.
Дүбірлі думанға келген «Тамаша тарту» театры әртістері көпшіліктің күлкіге кенелтіп, көңілін бір серпілтіп тастады. Мұнайшы өнерпаздардың орындауындағы әуезді әуен, күмбірлеген күй тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, шынайы әсерге бөледі.
– Қаламқас кенорнында жыл сайын тойланатын Наурыз мерекесінде бас қосып, мәре- сәре болып жатырмыз. Өткен жылы өндірістік басқармада 4 млн.103 мың тонна мұнай өндіріліп, Отан қоймасына тапсырылды. Бұл – мұнайшылардың қажырлы еңбегінің жемісі. Биыл мұнайшылар 4 млн. 65 мың млн.тонна қара алтын өндіруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта осы сенімнің үдесінен шығатынына сенім мол. Жаңа жыл жақсылығымен келсін. Жылдан есен, айдан аман болайық!, – деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Батыршаев.
Орталық алаңға жиналған қауым киіз үйлерге түсіп, мерекелік дастарханнан дәм татты. Сондай-ақ сол мезетте арқан тарту, қой көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойналып, мерекенің көрігін қыздыра түсті. Қазақтың салт- дәстүрінен бастау алып, барлық болмыс- бітімін айқындайтын ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген мерекелік шара сән- салтанатымен өтті.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН