Жуырда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас кеңсесінің мәжіліс залында компания мен кәсіподақ басшылары, мұнайшы ардагерлер және қызметкерлердің қатысуымен жиын өтті. Жиында Елбасы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы талқыланды.
Мұнайшылар өткен жылды табысты қорытындылап, биылғы жылға еңбек тартуымен жеткенін айтып өткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев Елбасы Жолдауының мән-маңызын түсіндіріп, басым бағыттарына тоқталды. Елдік құжаттарды жүзеге асыруға компания ұжымы біркісідей атсалысатынын жеткізді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа арнаған Жолдауында Отанымыздың өркендеуіне, дамуына бағытталған басымдықтарды айқындап берді. Елдік мүддені көздейтін бұл құжат әлеуметтік салалардың дамуына, экономикалық жағдайымыздың дамуына дем береді деген сенімдемін. Елбасы ұсынған үндеу мен Жолдауды қолдай отырып, бізден кейінгі толқын мұнайшылар ынтымақ пен бірлікте еңбек етіп, ел дамуына үлес қосатынына сенімдімін,– деді ардагер мұнайшы Өрен Сағындықұлы.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрайымы Қымбат Иманқұлова Елбасы Жолдауында айтылған адами капитал сапасын жақсарту бағытына қатысты ой-пікірін білдірді. Бұл бағыт бойынша компанияда бірқатар жұмыстар атқарылғанын, әлеуметтік қамтамасыз ету саласына ұжымның қосқан үлесін, ұжымдық шартқа сай акционерлік қоғам бюджетінен алдыңғы жылмен салыстырғанда қомақты қаржы бөлінгенін, көп балалы отбасылар мен жаңа туған нәрестеге берілетін бір реттік әлеуметтік көмектің екі есеге өскендігін атап өтті.
Жаннат Кемал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы