©
Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —
Назибекова Аружан Дамирқызы
Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз. Маңғыстау киелі мекенімМаңғыстау... Осы сөзді естігенде кеудеңді кере дем алып, еңсеңді көтере, басыңды шалқақ ұстап, айналаға асқақ қарағың келеді.
Маңғыстау десе, көз алдыма сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген, маңғаз таулар, бүлдіршіннің сыңғыр қаққан күлкісіндей мөлдіреп, аққан бұлақтар,жұпар иісі мұрныңды жарып өтер нәзік гүлдер, әнімен жүрегіңді елжіретер күміс көмей құстар келеді. Осындай сұлу да көркем, ғажап табиғаты бар жер жәннаты – Маңғыстауда тұрып жатқаныма өзімді бақытты адам санаймын. Бойымды мақтаныш сезімі кернегені соншалық – еріксіз қолыма қалам алып, ішкі жан тебіренісімді бөліскім келеді:
Маңғыстауым-маңғаз далам, паң далам,
Бір өзіңнің келбетіңнен нәр алам.
Батырлар мен әулиелер мекені,
Құшағын жайған қасиетті кең далам!
Маңғыстауым менің! «Менің» деп меншіктеп айтар жерің мен еліңнің болғаны қандай бақыт! Осы сөздің мәнінде қаншама қуаныш, мақтаныш, тарих жатыр десеңізші! Атадан балаға мирас болған ұлан-байтақ Маңғыстау даласының төсінде тарихи оқиғаларды, жеңіс пен жеңілісті бір күнде, бір шығармада айтып та, жазып та бітіру мүмкін емес шығар...
Білетінім ата-бабаларымыз туған жердің тоқымдай бөлігін де жауға бермеген. Толарсақтан саз кешіп «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» жүріп қорғап қалған, аманат етіп бізге-ұрпағына қалдырған қасиетті жер бұл.
Маңғыстау-бабалар мен әулиелер мекен еткен қасиетті өңір. Осы мекенде біз тәуелсіз елдің таңымен оянып, емін-еркін өмір сүрудеміз. Маңғыстаудың мамыражай таңы. Ал осы күнге жеткенге дейін бұл өңір қанша азапты күнді басынан өткерді десеңізші. Бұл қасиетті өңірді осы жердің құмын кешіп, суын ішіп өскен атақты жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Ұйқыдағы аруға» теңеген.
Иә, жері қандай ұлан-байтақ болса, жаны да сондай дархан. Халқын ыстық құшағына алған, Маңғыстауым, мен сенің ұлылығыңнан нәр алып, дархандығыңмен сусындап, бойжетіп келемін.
Сенің әрбір гүлің, өзен-көлің, әрбір тасың, тауың мен үшін қандай қымбат десеңші! Перзентіңнің саған деген махаббаты Каспийдей терең де мөлдір, тіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
«Мен - Маңғыстаудың маңғаз қызымын, мен Маңғыстаудың қасиетті топырағында өмір сүріп жатырмын, елімнің өркендеуі үшін аянбай тер төгемін», - деп, бар әлемге жар салғым келеді.
Бүгінде мен Маңғыстау өңіріндегі Ақтау қаласында тұрып жатырмын.
Ақтау - болашағы зор, сол болашағынан үміт күттірген сұлу да әсем қала. Әлемді айбаты және қаһарлы кескінімен билеген Әмір Темір «Ақиқатында біздің жайымыз ісімізден танылады. Сендер біздің құдіретімізге күдіктенсеңдер-зәулім ғимараттарымызға қараңдар» деген екен. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы заман жүгін көтеріп, болашақтың үкілі үмітін алға сүйреп келеді. Жан-жағымызды айнала қоршап жатқан ұшы-қиырсыз Маңғыстау талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбарлы жеңістерін де көрді. Бергі бабаларымыздың еңселері түсіп, қабырғалары қайысқан қасіреттеріне де куә болды.
Әрбір адам – алға асығып аққан бұлақ. Бұлақ барып құятын бір шалқар теңіз болу керек. Міне, осы айдын теңіз - Маңғыстау мекені. Мен Маңғыстау арқылы елімнің ертеңін көргендей боламын. Жүздің арасынан оза шауып келген қас тұлпардай алға, тек қана алға басуыңа шын жүректен тілектеспін. Жасай бер мәңгі, жасай бер, қасиетті мекенім! Көгімізде бейбітшілік белгісіндей көгершіндер, азаттық белгісіндей қыран құстар самғай берсін! Мен сені мақтан тұтамын, Маңғыстауым!