Құрық ауылы бойынша жаңа шағын аудандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында 1.5 шақырымды құрайтын «АС» сымы ұрланғаны анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұған дейін Қарақия ауданы орталығындағы 15, 16, 17, 18, 19 шағын аудандарындағы жер учаскелеріне инфрақұрылым тарту жұмыстары басталған болатын. Осы орайда электр бағаналары орнатылып, «АС» сымдары тартылған еді.
Мониторинг жұмыстары кезінде аталған учаскелерді бақылаудың нәтижесінде 1.5 шақырымды құрайтын «АС» сымы ұрланғаны анықталып отыр. Жұмыс тобы осы жағдайға байланысты хаттама толтырып,, аудандық полиция бөліміне арыз түсірді.
Айта кетейік, мониторингтік топ құрамында осы салаға жауапты аудан және ауыл әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары болды.
«Ауылдағы тұрғын саны өсіп, жер орны беріліп, ел іргесі кеңейіп жатқаны қуантады.
Алайда жасалған жұмысты жоққа шығарып, орнатылған бағана мен тартылған сымды ұрлау — заңға қайшы әрекет және тәртіпсіздік. Ұрлық түбі — қорлық, деген.
Ел игілігі үшін жасалған, халықтың қажетіне арналған мүлікті қолды болдырмайық!
Әр адам заңға құрметпен, өмірге жауапкершілікпен қарағанда ғана қоғам алға басатынын естен шығармайық, - дейді арнайы мониторинг тобының өкілдері.