Бүгін Қарақияда аудан бойынша жалпы білім беретін мектептердегі үздік оқушыларға «Алтын белгі» табыстау шарасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында. Шын мәнінде, бүгінгі жастар, Сіздер - ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбетісіздер. Сол себепті сіздердің білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуларыңыз ел дамуындағы аса маңызды фактор. Дарынды балаларды қолдау мақсатында жалпы орта мектеп бағдарламасын үздік аяқтаған білімді де, дарынды оқушыларымызды мақтан тұтамыз. Қадірменді түлектер, ата-аналар! Тағы да марапаттарыңыз, аттестат алу қуаныштарыңыз құтты болсын! - деді аудан әкімі С.Төретаев.
Бұдан соң аудан басшысы мектеп түлектерімен еркін форматта сұхбаттасып, олардың арман-тілегін тыңдады.
Мыңнан тұлпар деп танылған кіл жүйріктердің ата-аналары атынан жүрекжарды лебіз, алғыс айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі топжарған таланттарға «Алтын белгі» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ үздік аттестат иегерлеріне және ата - аналарына Алғыс хаттар табыс етті.