Маңғыстау ауданында тұратын кәсіпкер Исатай Сақтағанов гидропоника әдісі арқылы мал азығын дайындаумен айналысады. Бұл кәсіп түрін елдегі қуаңшылық жағдайға байланысты қолға алған.
Истай Сақтағанов кәсібін одан әрі дамытып, үй жанынан шағын жылыжай құрылысын салды. Онда тамшылатып суару әдісімен айына 1 тоннаға дейін өнім алуға қауқары бар.
- Шөп топырақсыз өсірілетіндіктен, қосымша салымды қажет етпейді. Бұл әдіс арқылы қыстық мал азығын кептіріп сақтауға да болады. Осыдан 3-4 жыл бұрын шаруашылықта осы әдісті қолға алу ойымда жүрген болатын. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау қалаларына барып, үлкен фирмалардан және жеке шаруашылықтардан көп кездестірдім. Ізденіп, біраз зерттедім. Содан бұл әдіске қызығушылығым артып, іс жүзінде көруге бел будым. Қазір бұл шаруа менің сүйікті ісіме айналды. Бұл тәсіл климаты ыстық, құрғақ, қуаңшылық көп болатын аймақтарда қолданылады -, деді Исатай Сақтағанов.
Кәсіп жетекшісінің айтуынша, гидропоника әдісі арқылы тұрақты микроклимат сақталу барысында 40 келі арпа дақылынан бір аптада 400 келі шөп өсіруге болады. Жаңа әдіске арналған нысанды да өз қолымен тұрғызған. Кәсіпкердің айтуынша, өзі тұратын тұрғын үйдің ауласында арнайы суық өткізбейтін материалдарды пайдалана отырып, бірнеше қабаттан жасалған орын гидропоника әдісі арқылы мал азығын дайындауға толығымен қамтамасыз етілген.
- Алдымен арпаны тазартып жуып алып, 12 сағат суда ұстаймыз. Одан кейін суын төгіп, жылы жерде сақтап, 3 күннен кейін жарық жағып, 1 апта ұстағаннан кейін шөп өсіп шығады. Бұл жерде шөпке құйылатын судың температурасына да аса мән беру қажет. Себебі қатты салқын суға шөп өспейді. Бұл арқылы суды да үнемдеуге болады. Мысалы, осыдан шыққан суды бөлек ыдысқа жинап, аула суаруға пайдалануға болады. Гидропониканы дамыту үшін көлемді жердің де қажеті жоқ. Арнайы сөрелер, ауа жіберетін құрылғылар, күнмен алмастыратын жарық шамдары және арнайы сұйықтық пен су қажет, - деді Исатай Сақтағанов.
Гидропоника әдісі арқылы өсірілген шөппен қоректенген сиырдың сүті құнарлы әрі сүтті көп мөлшерде беретіндігін айтты. Тиімді әдістің тетігін тапқан кәсіп иесі алдағы уақытта бұл әдісті ұлғайтатындығын жеткізді.