Коронавирус инфекциясының алдын алудың тиімді жолы – вакцинациялау. Вакцинациялау вакцинаның түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, жансақтау, алғашқы медициналық санитарлық көмек, қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлеріне екпе салынады. Екінші кезеңде екпе жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтерін, бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезеңде – мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтерін, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды. Бұдан басқа, кейіннен халықтың осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
«Профилактикалық егулерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы №146 бұйрығына сәйкес КВИ-ға қарсы екпені тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар алмайды, профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқтар жіберіледі. Екпе жүргізер алдында дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру секілді дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Егілетін адам егуді жүргізу алдында 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 санитарлық қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.
КВИ-ға қарсы екпе Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак ("Спутник V") вакцинасымен басталып, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасымен жалғасады. Вакцинациялауды I компонентпен 0,5 мл. дозада, содан кейін 3 аптадан кейін II компонентпен 0,5 мл. дозада екі кезеңде жүргізеді. Егуден кейін міндетті түрде екпе алған адам алғашқы 30 минут ішінде және иммундаудан кейінгі келесі 3 күн ішінде дәрігердің бақылауында болады.
Иммундауды дайындау және жүргізу жөніндегі іс-шараларды жедел жоспарлау және үйлестіру үшін аудандық штаб құрылды. Ауданымызда коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жүргізетін медицина қызметкерлеріне аудандық семинар және аттестациялау ұйымдастырылып, нәтижесінде 37 медицина қызметкері аттестациядан өткізіліп, екпе жүргізуге рұқсат алды. Вакцинациялау жүргізілетін егу кабинеттері және дәрі сақтау қоймасында санитарлық талаптарының сақталуына Бейнеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің қызметкерлері тарапынан мониторинг жүргізіліп, ұсыныстар берілді.
Н.Қауынбаева,
Бейнеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы