Бүгін – қабырғалы елімізде, қазыналы жерімізде ерекше елеулі, тарихи оқиғалы күн. Замана заңғары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы Маңғыстау облысында атап өтілгелі тұр. Әбіш аға біртума талант иесі ретінде тым ертерек танылды. Шалқыған шалқар айдындай түпсіз терең білім, терең парасат-пайым, биік ой-өресімен, ерекше еңбекқұмарлығымен дараланды. Ой қуаты, таным көкжиегі орасан қаламгер әдебиет әлеміне соны серпін, өзіндік стиль ала келді. Шығыс пен Батыс мәдениетіне еркін бойлаған ол ұлт руханиятын аса құнды көркем дүниелермен байыта, кемелдендіре түсті. Ғажайып тіл байлығына ие суреткер жазушы көркем прозада қаламын кең сілтеп, қазақ әдебиеті қазынасын жауһар дүниелермен байытты. Оның ойлы поэзиясы бірнеше жинаққа топтастырылды. «Шыңырау», «Бір уыс топырақ», «Дала баллада- лары», «Үркер», «Елең-алаң», тағы басқа да шоқтығы биік роман-повестері мен әңгімелері әлемдік әдебиеттің ортақ игілігі ретінде бағаланды. Драмалық туындылары театр төрінде сахналанды. Әбіш Кекілбайұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде егемен еліміздің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне бар күш-қажырын сарп етті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, сенатор қызметтерін лайықты атқарды. Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы табанды күресіне тарих куә. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің саяси аренадағы сындарлы да сенімді серігі, қилы сәттерде кемел ойлы кеңесшісі бола білді. Тәуелсіздікті алған тұста кесек ой, көшелі пікір білдіріп, демократиялық қоғам атрибуттары мен өркениетті елдердің даму жолын талдап, таразылауға, ұлттық өз бағытымызды саралауға арналған өршіл де дәйекті публицистикалық мақалалар жазды. Өмірінің бар кезеңінде адамгершілік туын биік ұстап, ар-ожданға қылау түсірмей адал қызмет етті. Әбіш ағаның қасиетті тәуелсіздікті нығайту жолындағы еселі еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Тәуелсіздік рухымен өркен жайып келе жатқан бүгінгі жас буынға Әбіш Кекілбайұлының бай әдеби мұрасын тұрақты насихаттау, ізгілікке тәрбиелейтін идеяларды, өрелі ой мен өсиет сөздерді жастардың ой-санасына сіңіруіміз қажет. Қазақ көркем сөз өнерінің дүлдүлі Әбіш Кекілбайұлының рухани мол мұрасы қанша заман алмасса да өз құндылығын жоғалтпайды. Бүгінгідей айтулы мереке орайында қасиетті Маңғыстауға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ел зиялылары, абыз ағаның жұбайы Клара апа, ағайын-тума, замандастары, қаламдас достары, қара ормандай халқы жиналды. Әбекеңнің 80 жылдық мерейтойы аясында алыс-жақыннан ат арытып, киелі түбек кіндігіне табан тіреген сыйлы меймандарға алғысымыз шексіз. Саналы ғұмырын туған елін, Отанын сүюге, мем- лекетімізді нығайтуға арнаған, ұлт руханиятының, ел мәдениетінің, түбі бір Түркі жұртының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Алаш ардақтысы – Әбіш ағаның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталып қала бермек. Өмір бойы өзін-өзі жетілдірудің, халқына қалтқысыз қызмет етудің, асқаралы мұраттарға жетудің шырқау шыңдарын бағындырған қатепті қара нарымыз Әбіш Кекілбайұлының бүгінгі 80 жасы құтты болып, еліміздің мерейі өсе берсін, ағайын!
Маңғыстау облысының әкімі С.ТРҰМОВ