Әл-Фараби (Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби (870-950 ж. ш.), 870 жылы Отырар (арабша Фараб) қаласында дүниеге келіп, 20 жасына дейін сондағы медреседе білім алған, араб, парсы, грек тілдерін меңгерген. Ол – ғылымдарды пайда болу негіздеріне сәйкес теориялық және практикалық бағыттарға жіктеп-жүйелеп, философия, лингвистика, грамматика, математика, нумерология, логика, музыка, теология, астрономия, астрология, химия және алхимия, медицина, жаратылыстану, жантану, әлеуметтану, поэтика және т.с.с. сияқты ғылыми бағыттары бойынша екі жүзге жуық ғылыми трактат (лат. tractatus — «сыни тексерілген») жазған ғалым. Ол 950 жылдар шамасында Дамашықта қайтыс болып, Баб ас-Сағир зиратына жерленген. Фарабидің қабірін тауып, құлпытас орнатуды ұйымдастырған Ақжан қазірет Жақсыбекұлы әл-Машани.
Ғаламдық жаратылымтану философиясы атам заманынан басталғаны баршамызға аян, ал философия дегеніміз даналықтың өзі емес, соған ұмтылу ғана деп саналады. Фараби: «Білімнің ақиқаттығы мен анықтығы – бұл заттың бар екендігі мен оның тіршілік себептерінің қандай екендігінде жатыр», яғни философиялық зерттеудің мақсаты әрбір табиғат денесі мен оның субстанциясының акциденциясын тану болып табылады.
Фарабидің философиялық мұрасы өзіне дейінгі және өзі қызмет атқарған дәуірдің барлық философиялық ілім-білім салаларының: материя және оның формалары; болмыс және оның категориялары; органикалық және бейорганикалық дүниенің қасиеттері; танымның түрлері мен сатылары; физикалық (тәндік-заттық) және психикалық (ақыл-ой, мінез-құлықтық) түрлері; адами танымның ақиқат жолдарының өзара ара салмағы мен қарым-қатынасы; ақыл-ой сана, ойлау, ойлау мен тілдің байланысы және т. б. құрамдастарын жан-жақты қамтиды.
Фарабидің философиялық, логикалық және әлеуметтік-этикалық көзқарастарының және энциклопедиялық білімінің қалыптасуы мен дамуына ең алдымен тал бесігі мен өскен ортасы Ұлы Дала көшпелілерінің өзіндік тәрбиесі мен мәдениеті, адамгершілік қағидалары, салт-дәстүрлері, ауыз әдебиеті үлкен ықпал етті.
Сонымен қатар оның білім алу, білімін шыңдау, ғылыммен айналысу жолында болған Отырар мен Шаш, Бұхара мен Самарқанд, Нишапур мен Хорасан, Бағдат пен Дамашық қалаларындағы білім ошақтары, сол мекендердегі тұрғын халықтардың оның туған өлкесімен кіндіктес, түркі текті қоғамдық қарым-қатынастары да Фарабидің ғылыми талдау өрісін кеңітіп, ғылыми анықтамалық еңбектерінің деңгейіне сәйкес оны, барша әріптес ғұламалары және жеделдес шәкірттерінің «Муаллим ас-сани – Екінші мұғалім» мәртебесімен тануына жеткізді. Бұл мойындау бірінші ұстаз, Аристотельден басталған зерттеулерге мың жылдам астам уақыт өткеннен кейін іске асты.
Қайсы кезде де өз заманында өркениет көші алдына ұмтылған жұрттың ғылыми дамуы, тұрмысы мен шаруашылығын ұйымдастыру жүйелері, жаңа деңгейде қайта құрылуын өзіне дейінгі жиған-тергенді меңгеруден бастайды. Көбіне, олар ежелгі халықтардың тарихи-мәдени, рухани байлығын өздеріне еншілеп те алады.
Фарабидің ғылым салаларын терең зерттеуі ең алдымен өзінен мың жылдан астам бұрын өмір сүрген ежелгі грек философтарының пайымдаулары негіздерінен, яғни ғылыми философиялық теория пайда болуының бастауындағы Сократтың (шамамен б.д.б 470 – 399 жж)., оның шәкірті Платонның (б.з.б. 427 - 347 жж) [Платон философиясы. 5 бөлім.16.] және Платонның шәкірті Аристотельдің (б.д.б. 384 – 322) мұраларын олардың қолданған әдістері мен мақсаттарына сәйкес терең салыстырмалы талдаудан басталады. Оның «өзіне дейінгі пікірлердегі» ақиқатты тануға ұмтылысы, олардың грек тіліндегі түпнұсқа философиялық қолжазба мұраларына тамсану мақсатында емес, өзінің ақыл-ой елегінен өткізіп, танымын тексеру, толықтыру әдісі ғана. Яғни өзіне дейінгі ғұламалардың философиялық ақиқат танымға жету негіздерін алу және олардың қателіктерін қайталаудан аулақ болу мақсатымен ерекшеленеді. Фараби өзінің пікірлерді сараптау ұстанымын: «Дербес пайымдаулар әрқашан ақиқат және жалған болып бөлінеді. Екі пікір бірдей ақиқат та, жалғанда бола алмайды, егер олардың бірі ақиқат болса, екіншісі жалған, ал бірі жалған болса екіншісі ақиқат болғаны» деп тұжырымдайды [Аль-Фараби. Логикалық трактаттар, 258 бет.]
Осы зерттеулер нәтижесінде дүниеге келген «Хадус-л-ғалум - Ғылым туралы хадистер» (Аль-Фараби. Естественно-научные трактаты /пер. с арабского. – Алма-ата: Наука, 1987. 89-104 беттер. Бұдан әрі – Ф-ЕНТ) трактаты: «Біл! Ғасырларға ұласқан субстанция мен акциденциядан және субстанция мен акциденцияны жаратушыдан өзге ешнәрсе жоқ!» деп басталады.
Аристотель енгізген, Фараби тұрақты қолданған субстанция термині (лат. substantia - түпкі негіз, мән), яғни өзбетімен, өзімен-өзі бола алатын түпкі негіз мәнін айқындайды. Акциденция термині (лат. accidentia – кенеттен пайда болатын) - затта немесе заттың анықтамасындағы беймәлім, өзгермелі, кездейсоқ және негізгі мәнге қарама-қарсы ұғымды білдіреді.
Әрбір пенде үшін, Абайша айтқанда «өзін танымақтық», өзіне ғана тән дербес ақиқат танымының дамуы - қоршаған табиғи және адами ортамен танысуының ақиқат жолы жарық дүниеге келген кезінен басталады. Яғни, жарық дүниенің барша тітіркендіргіштерін, яғни акциденцияларын, «Бес сезім» қабылдайды [Ф-ЕНТ/91]:
Жеке тұлғаның жеке ғұмырындағы ақиқат жаратылым тану жолы, ақыл-ой елегінен өтіп, молығып толысқан, нақты дәлелдермен дәйектелген, мыңжыдықтар бойы жетіліп дамыған тұтас адамзаттың ғылыми жаратылыстану ілімінің шағын бейнесі.
Фараби бойынша акциденция дегеніміз жоғарыда келтірілген адамның бес сезім мүшелерінің сыртқы және өзінің ішкі ортасын сезініп қабылдау ерекшеліктері. Субстанцияны тек қана ақыл-ой, яғни сана, табиғат пен арадағы хабар жеткізуші акциденциялар арқылы қабылдайды. Мысалы, сана түстілік реңін әлдебір бояуымен, дауысты әлдебір ыңы-сазымен, сол сияқты өзге сезім мүшелері де қоршаған ортаны осы сияқты ерекшеліктерімен таниды.
Әрбір жеке ғылым бағыттары, оларды тану себептері бойынша ерекшеленеді [Ф-ЕНТ/92 – 99].
Алғашқы ғұламалар осы ғылымды сегіз бөліктен тұрады деп сендірді: олар болжау, медицина, физика негізіндегі хиромантия, агродақылдар, навигация, заттардың өзге түрлерге айналуы туралы ғылым - алхимия, және жұлдыздар туралы ғылым.
«Физика» (грекше, табиғат) болмысты білдіреді, яғни бір-бірінің туылуы мен өлімінің заңдылығына, қалыптасу аймағына ауысатын физика саласын білдіреді. Ал, метафизика (мета, грекше жоғары, абсстракциялық және физика) көрінетін, сезілетін, естілетін физика құрамдастарынан жоғары, көрілмес заттар мен құбылыстар кеңістігі, ұғынықты, кәдімгі физиканың шегі аяқталатын, жоғарғы және биік тылсым деңгейі) – ақиқатты оймен қорытып түсіну аймағы, шындығына келсек ғарыштық, ғаламдық кеңістік тылсымдары. Фараби: «Пайымдау мен көзін жеткізу, егер өзге пайымдаулар мен көзін жеткізулерге сәйкес болса ғана ақиқат болады» - деді. [Аль-Фараби. Философиялық трактаттар, 42 бет.].). Сонымен, "метафизика" термині пайда болып, қалыптасқан табиғаттан да асып түсетін салаларды зерттеуді көрсетеді.
Сонымен, ғылымдар, сезіммен қабылданып, ақыл-ой-санамен (интеллект) аңдалатын, қарапайым пайымдаулармен ұғынылатын субстанциялар және оларға сәйкес акциденциялардың орналасуының салдары ретінде пайда болады.
Өз ойыңды қалай жеткізуге, қалай оқу немесе оқытуға, қалай баяндау, сұрау және жауап беруге болады деген сұраққа ой жүгіртетін болсақ барлық ғылымдардың алғашқысы – тіл туралы ғылым.
Екінші ғылым – грамматика; заттарға берілген атауларды, субстанциялар мен акциденциялардың орналасу орнын белгілейтін сөз бен нақыл сөздерді және олардан шығатын салдарларды ретке келтіруге үйретеді;
Үшінші ғылым – логика (қисын); хабарлы сөйлемдерді, олардан қажетті қорытынды шығару үшін қисынды фигураларға сәйкес орналастыру ілімі, осы игілікті ғылым негізінде біз, танылмағанды танимыз, ненің ақиқат, ненің жалған екенін ұғамыз.
Төртінші ғылым – поэтика (өлең өрнегі өнері); Ол сөздерді - олардың құндылық мәртебесіне және абыройына, яғни пропорциялық және уақыттық тоқтайтын өлшеміне сай орынға қою, мысалы төрттен, алтыдан немесе сегізден орналастыру. Осы сандар және оларға бейімделу поэтика мақсатына сай қорытындылаудың ең оңтайлы өлшемі.
Сондықтан, сенің жаныңның даналық балын татуға құштар болуы үшін, ақиқатқа деген сүйіспеншілігің жалындау үшін - мұқият бақыла және нақты пікір түй, тек қана осы тәсілмен, Құдай қаласа, сен - сен үшін жұмбақталған, саған ғана игілік беретін әлденені түсінесің.
Фараби: «Есіңде болсын! Бес материя бар: Жер, су, ауа, от және көк (аспан)» дейді.
Айналаны зерттеу, танымның ғылыми деңгейіне көтерілген кезде, түсіндірме беру Аристотельдің физикалық және метафизикалық заттарды ұғыну тәсілінің жалғасы тәрізді болады – ол, ақиқатты оймен қорытып түсінуде аңғарылатын өз ұстанымы болатын, нақты танымдық міндетті шешу тәсілі [«Фалсафа Аристотилис), 1961]. Фараби тұжырымы бойынша: «Жаратылыстану өнері – табиғат денелері мен оларға тән акциденциялардың көмегі арқылы нағыз білімге жеткізетін теориялық өнер» [Әбу Насыр әл-Фараби. 10 томдық шығармалар жинағы. 6-том. Ғылым (математика және жаратылыстану) Астана: ТОО «Лотос – Астана», 2008. 82-бетте. Бұдан әрі – Ф-10]. Ал, нағыз білім бағыты екендігіне көзін жеткізу, егер өзге көз жеткізулерге сәйкес болса ғана ақиқат болады.
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904), Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алған. Оның «Қара сөздері» философиялық трактаттар стилінде жазылған. Абай бірінші сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік»,- дей келе: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» - деген қорытындыға келеді. Осы шешім негізінде хатқа түсіп бізге жеткен Абайдың және Фарабидің мұраларындағы «Адам» және «Жүрек» сияқты басты философиялық ұғымдарға көзқарастарын салыстырып көрелік:
Фараби: Ф-ЕНТ /113-бетінде: «Адам – жануарлардің бір түрі», десе, Абай жетінші сөзінде: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?», деп, осы ойды аша түседі [Абай Құнанбаев. Қара сөз. «Public Domain». 59-бет. 11-бетте, бұдан әрі ҚС/**].
Фараби жүрек турасында: «Табиғаттың [әсер етуі], жүректің басқа мүшелерге әсер етуіне ұқсас. Өз тіршілігінде маңызды жетістікке жеткен жүректегі бұл күш оның табиғаты мен формасын құрайды. Тура соның өзі қан тамырларына жіберіліп, олар оны жүрек қуысына қайтарады; бұл тамыр жолдары қысылғанда, оның әрқайсысында бар табиғи жылылық басқа мүшелерді қыздырады. Басқа мүшелерге келіп түсетін табиғи жылылық табиғи денеде пайда болатын акциденция болып табылады. Табиғи денедегі акциденция тіршілігі оның табиғаты болып табылатын осы дененің нысанына байланысты. Акциденция ешқашан бұл дененің нысанынсыз тіршілік ете алмайды және соның арқасында бұл дене субстанцияланады» десе [Ф-10/98], Абай он жетінші сөзінде: «...жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?» не деп түйіндейді. Осы сияқты Абай пайымдауларының Фараби философиясына үндес, сабақтас біршама мәселесі негізінен 38-нші сөзінде мол қарастырылған
Отыз сегізінші сөз [ҚС/44].
Бұл ғылым, құдіретте ешбір ниһоятсіз, ғылымында ғафләт, құдіретінде епсіздік және нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл - хүкімші, қайрат, қуат - қызмет қылушы еді. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «Лағаиру уәлә һуә» болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді.
Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады.
Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады. Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын... Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес.
Ұрпақты ақиқат таным жолына салу субстанциясы: (ҚЫРЫҚ БІРІНШІ СӨЗ [ҚС/54].)
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.
Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. ...Дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді...
Жаратылыстану субстанциялары сипаты, ақылға салуға жаттығу, әсер ету және әсерге төзу ғылымы (ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ СӨЗ [ҚС/56]):
Адам ұғылы екі нәрседен: бірі - тән, бірі - жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби - оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы - жибили, ұйқтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы - жибили. Ақыл, ғылым - бұлар - кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол - жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.
Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол - көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын - бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз.
Өнер акциденциясы: Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей каласың. Қай жоғалған өнер: «ал, мен жоғалдым» деп, хабар беріп жоғалады. Енді кусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.
Жан қуаты дейтұғын қуат - бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып, ішке салғанын, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.
Өлшеу туралы ғылым мысалдары: «Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады. «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген.
Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуаты бірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат - екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар - бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма - құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше».
Субстанция ұғымы мысалдары (ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ [ҚС/59]):
Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. ...Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп (Акциденция), ақылмен біліп (Субстанция).
Қорыта айтқанда, Фарабиден мың жылдан соң оның туған даласында дүниеге келген Абайдың, оның еңбектерімен, ғылыми анықтамалары және талдауларымен таныстығы беймәлім бола тұрса да, адамзаттқа ортақ адамгершілік, тәлім-тәрбие, жаратылыс тану ұстанымдары мен пайымдаулары бойынша субстанциялық, акциденциялық ақиқат бір арнада тоғысады. Біздің ойымызша, оның басты негізі ежелгі грек өркениетіне дейін де 3000-4000 жылдық мәдениеті мен өркениеті болған Ұлы Дала Көшпелілерінің гендік кодының мәңгілігімен, арғықазақ (дей-түркі) адами танымының ақиқаттығымен түсіндіріледі.
Мұрат АҚМЫРЗАЕВ,
таңба танушы, серікболтанушы.