Бүгін Ақтауда «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі жол жүру грантына ие болған жеңімпаздармен кездесу өткізді. Кездесу барысында грант иелеріне Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбайдың алғыс хаты табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еске салсақ, жол жүру гранты конкурстар мен форумға қатысуға қаражаты жоқ өңірдегі дарынды және талантты жастарға берілді. Жастардан төрт бағыт, атап айтқанда шығармашылық, спорттық, мәдени-қоғамдық және зияткерлік бойынша өтінім қабылданды. Нәтижесінде әр бағыт бойынша 25 жас өзі қалаған конкурсқа қатысып, бақ сынады.
Шара барысында жол жүру грантын алған «Фараби» жайдарман құрамасы, Маңғыстау облысының пікірсайыс клубы, «Энактус КазАТК» командасы, «JasArt» жастар театрының әуесқой актерлары мен спортшыларға басқарма басшысының алғыс хаты берілді. Барлық қатысушы жарыстан жүлделі оралып, өңірдің жетістік қоржынын толтырды.
Сонымен қатар кездесуде енді жолға шыққалы жатқан «JasArt» жастар театрына және самбошылардың екінші легіне сәттілік тіледі.
Ал жастар қолдау көрсеткен «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігіне алғыс айтып, алдағы уақытта да мүмкіндік беретін жобалардың жиі болуына тілектестік білдірді.