Маңғыстаулық жас жігіт анасын аяусыз ұрғаны үшін әкесін айыптап, халықтан жәрдем сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Инстаграм әлеуметтік желісіндегі «Абдулла.кз» парақшасына видеосын жариялаған жас жігіттің айтуынша, әкесі мас болып келіп, анасын ылғи ұрып-соғатынға ұқсайды.
Өзі Алматы қаласында жүргенде әкесі анасын қатты сабаған.
- «Маңғыстау облыстық Мұнайлы ауданының сотына келдім. Адамға қалай қатты жарақат салып, ұрады, жазасы ауыр. Ал қаншалықты жеңіл ұрса жазасы да жеңіл болады екен. Әкем ішіп алып анамды түн ортасында қуалап сабап, мүгедек қылуға дейін апарған. Полиция қызметкерлері екі сағаттан кейін әкемді босатып жіберген. Бала кезімде мені аямай ұрып, психологиялық соққы жасаған. Мұндай әкенің барынан жоғы. Бала күнімде анам екеуімізді кезек-кезегімен ұратын. Жасы елуге келсе де анамды ұруын тоқтатар емес.Маған, анама көмек керек. Анамның құқығын қорғауға көмектесіңіздер, - дейді ол өз бейнежазбасында.
Облыстық полиция басқармасының сөзінше, қазір кінәлі тұлға отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер және тыныштықты бұзу деректері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Бейнежазбада жас жігіт басқа қалаға кетсем, әкесі анасын ұрып, өлтіріп тастайма деп қорқатынын жеткізген.
- Әкем түрмеде өз жазасын алса екен. Әкемдей адамдарды қоғамнан ажырату қажет. Анамды түнде тұншықтырып, өлтіріп тастауға дейін барды. Ал таңертең ешнәрсе білмегендей, кешірім сұрап тұрады, - дейді жас жігіт.