Жаңаөзеннің бір топ тұрғыны итке таланған балалардың фотосын қолына ұстап көшеге шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша жануарларды қорғайтын заң күшіне енгелі ауыл-аймақта бұралқы төбеттер көбейген. Соның кесірінен кішкентай балалар мектепке жалғыз барудан қорқатынын айтады. Тұрғындардың сөзінше қаңғыбас иттердің шабуылына төтеп бере алмаған балалар түрлі ауыр жарақат алған. Көп жағдайда бірнеше ит бірігіп балалардың беті мен басын талап тастағанын айтып отыр. Сондықтан жиналған халық бұралқы иттерді атуға рұқсат беруді сұрайды.
- Заң халықтың игілігіне жасасын. Халыққа зияны тиіп жатса, ол заңды слиқайта қарау керек немесе өзгерту керек. Мына мәселе ары қарай жалғасын тапсын демесеңіздер, ертең балаларымызды жерлеп жатқан жағдайға жетпеудің алдын алайық ағалар, көкелер. Кешегі иттің амандығын тілеп қол қойған ағайындар, баланың да амандығын тілеңдер, - деді Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Аманкелді Өтешов.
- 2 жылдан бері ит атуға болмайды деген заң шыққаннан бері қазір қалада ит көп, мүмкін емес. Міне бір емес бірнеше бала жарақаттанып жатыр. Біздің қаламызда ит сақтайтын панажай жоқ. Салынады дегеніне бір жыл болды, әлі жоқ, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ақмарал Өткелбаева.
Егер заңды өзгертуге ешкімнің құзыры жетпесе, қолымызға қару алып құтырған төбеттерді атуға өзіміз кірісеміз дейді тұрғындар. Десе де дәл осы қаңғыған иттердің мәселесі мәжіліс отырысында да талқыланып жатыр. Парламент мәжілісінің экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин министрліктен бұл мәселені тез арада шешу үшін заң кемшілігін түзетуді сұрады.
Ал Жаңаөзен әкімдігінде адам өміріне қауіп төндірген жағдай бойынша былтыр 1115, биыл жыл басынан бері 1181 ит ауланғанын айтып отыр. Сондай-ақ былтыр 210 адамды, биыл 64 адамды төбеттер жарақаттаған. Әкімдік панажай салу үшін кәсіпкерге арнайы жер берілгенін мәлімдеп отыр. Ал тұрғындар жануарларды қорғайтын заңды өзгерту үшін депутаттарға арызданып, қол жинады.
Махаббат Нұржанқызы